Қытай мен Непал шекарасындағы апат аймағында хабар-ошарсыз кеткен үш Қазақстан азаматына қатысты әзірге жаңа ақпарат жоқ. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді,деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қазақстандық дипломаттар жергілікті билік органдарымен бірлесіп іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Қазіргі таңда оларға қатысты ешқандай жаңалық жоқ. Өкінішке қарай, біздің дипломаттарымыз жергілікті билік органдарымен жұмысын жалғастыруда. Іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Олардың отбасыларымен де байланыс орнаттық, - деді Жанболат Үсенов.
СІМ өкілі ведомствода жоғалған азаматтарға қатысты қажетті ақпарат бар екенін, алайда олардың жеке деректері жарияланбайтынын атап өтті.
Осындай қиын жағдайға Қазақстан азаматтары тап болған кезде біздің ең басты міндетіміз – оларға көмек көрсету. Кейін жағдайға шолу жасап, атқарылған жұмыс туралы ақпарат береміз. Бірақ азаматтарымызға қатысты жеке деректерді біз жарияламаймыз, - деді ол.
Қазіргі уақытта іздестіру шаралары жалғасып жатыр.
Еске салсақ, Қазақстан СІМ-нің 11 қыркүйекте жарияланған жауабына сәйкес, апат аймағында болуы мүмкін үш қазақстандық әйелді іздеу жалғасқан. Сол күнгі мәлімет бойынша, олардың орналасқан жері туралы жаңа ақпарат түспеген.
Тағы оқи отырыңыз: Непалдағы апат: Қазақстан құтқарушыларын жіберуге дайын ба?