Қарағандыда жер опырылып қалды

29 Наурыз 2024, 10:00
383
Бөлісу:
Қарағандыда жер опырылып қалды
Фото: автордан

Қарағандыда бірнеше күн бойы еріген қар суы басқан Кеншілер даңғылының бойындағы "Мирас" бизнес орталығының алдында жер опырып кетті. Шұңқырдың диаметрі 3 метр. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаланың жаңа орталығын бірнеше күн қатарынан еріген қар суы басып, тұрғындар әбіргерге түсіп жатыр. Ал кеше су басқан Кеншілер даңғылының бойындағы "Мирас" бизнес орталығының алдындағы алаңқайда жер опырып, тұрғындарды шошытты. Оқыс оқиға кешқұрым уақытта болды. Қазіргі уақытта опырылған жер бөлігі қоршалып, бизнес орталықтың көлік тұрағына автомобильдердің кіруіне тыйым салынған.

Қарағандыда жер опырылып қалды

Билік өкілдерінің айтуынша, аталған жер бөлігінде диаметрі 1200 мм нөсер коллекторының үстіндегі плита опырылып кеткен.

Шұңқырдың диаметрі 3 метр. Жер опырылғаннан кейін бизнес орталық бірден оқиға орнын ескерту таспасымен қоршап, су сору жұмыстарын жүргізді. Қаланың төтенше жағдайлар қызметі 100 текше резервтік сорғымен қамтамасыз етті. Қала әкімдігі апатты жерге  тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды. Қазіргі уақытта шұңқырдағы су деңгейі түсті. Жөндеу жұмыстарына су тасқыны аяқталғаннан кейін кірісетін боламыз, - деп мәлімдеді Қарағанды қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсел Сәдуақасова.

Қарағандыда жер опырылып қалды

Еске салайық, 2 күн бойы Қарағанды көшелерін су басып, тұрғындардың қозғалысы қиындаған болатын.  Еріген қар суы деңгейінің жоғары болғандығы соншалық көпқабатты үйлердің бірінші қабаты, жертөлелері суға толды. 

Наурыз айының басында билік өкілдері көктемгі су тасқынына тас-түйін дайындығын, жағдайдың бақылауда екендігін айтқанымен, тасқынның дәл мезетінде қалаға лап қойған қызыл суға ие бола алмады.

Өзгелердің жаңалығы