Францияда 7 қарашада әлеуметтік-экономикалық талаптарға байланысты бірқатар наразылық акциясы өтті. Осыған орай елде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді.
Euronews-тің хабарлауынша, наразылыққа кәсіподақтар, студенттік ұйымдар мен «Сары жилеттер» қозғалысының өкілдері қатысты. Олар ең төменгі жалақыны көтеруді, мемлекеттік қызметтерді қорғауды, әлеуметтік қолдауды арттыруды, сондай-ақ мектептер мен университеттерді қаржыландыруды талап етті.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ел бойынша шамамен 70 мың полиция қызметкері мен жандарм жұмылдырылды. Жолдар мен теміржол вокзалдарында тексеру шаралары енгізілді. Парижде демонстранттарға Республика алаңы мен Ұлт алаңы арасындағы бағытта жүруге рұқсат берілді.
Бұған дейінгі акциялар кезінде полицияның күш қолдануына қатысты шағымдар түсіп, бірнеше қызметтік тексеру басталған. Сонымен қатар наразылық білдірушілер мен құқық қорғау органдары арасындағы қақтығыстар салдарынан полицейлер де жарақат алған.
Ал 9 қарашада Франция премьер-министрі Себастьен Лекорну кәсіподақтар мен жұмыс берушілер өкілдерімен кездесіп, жалақы мен халықтың сатып алу қабілетін арттыру мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр.