Қарағандыда Наурыз мейрамы 1 ай бойы тойланбақ

21 Наурыз 2024, 12:08
473
Бөлісу:
Қарағандыда Наурыз мейрамы 1 ай бойы тойланбақ

Қаланың Орталық мәдениет және демалыс саябағында 14 наурызда тігілген киіз үйлер 14 сәуірге дейін Қарағанды жұртшылығына мерекелік көңіл-күй сыйламақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұнда демалыс күндері мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлау бір ай бойы жалғасын табады.

Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы – Наурыз мейрамын мерекелеуге орай Қарағанды қаласында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, Наурызнама онкүндігі жалғасын табуда. 14 наурыз Көрісу күні-Амал мерекесінен бастау алған шаралар 21 наурызда Хайуанаттар бағында өтетін «Қош келдің, Наурыз» шарасымен жалғасын таппақ. Осы күні «Наурыз керуені» мерекелік автобустарының жастар шығармашылық ұжымдары қала тұрғындарын ұлық мерекемен құттықтайтын болады.

Наурыз мерекесінің басты шаралары 22 наурызда Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында өтетін болады. Бұдан бөлек қаламыздың Теміржолшылар, Молодежный, Майқұдық мәдениет үйлерінің алаңдарында концерттік бағдарламалар, жәрмеңкелер ұйымдастырылады. «Жастар» спорткешенінде ұлттық спорт түрлері «Қазақ күресі», «Арқан тарту», «Қошқар көтеру», «Асық ату» және «Тоғызқұмалықтан» жарыстар өтеді. Бір айта кетерлігі, 14 наурызда Орталық саябақта тігілген киіз үйлердегі мерекелік іс-шаралар 14 сәуірге дейін жалғасады, - дейді Қарағанды қаласының әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсел Садуақасова.

Ұлыстың ұлы күні 23 наурызда «Тазалықты сақтайық» экологиялық акциясымен жалғасын таппақ. Бұл күні қала тұрғындары, жастар мен еріктілер көшелерді, үй аулаларын, саябақтарды тазалайтын болады.

Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда Наурызда тегін тамақ таратылмайтындығын жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы