Психолог алдымен өз психикасын бекітіп алғаны дұрыс - маман

3 Қараша 2023, 10:38
823
Бөлісу:
Психолог алдымен өз психикасын бекітіп алғаны дұрыс - маман
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгінгі қоғамда әлеуметтік желілерде арнайы білім алмаған психологтардың қатары артып келеді. Осы ретте психолог Гүлзат Қанат BAQ.KZ тілшісіне мамандардың арнайы білім алмай адамдарды қабылдауы өзіне зиян болып тиетінін айтты.

Маманның айтуынша, психолог өзге адамның психикасымен жұмыс істемес бұрын өз психикасын сайлап, бекіткені дұрыс.

Психологта жеке анализ, супервизия болмаса, эмоциялық күйзеліске ұшырайды. Ал бұл жадыларды ЖОО қабырғасында студент болып жүргенде үйренуі қажет. Көп жағдайда жеке терапиясы, супервизиясы жоқ психологтар онкологиялық ауруларға шалдығып, өмірден ерте өтіп жатады. Адамдардың мұң-қайғысы мен жан жарасын, эмоциялық “қоқысын” жинай берген адам оны басқа маманға барып шығармаса, кәсіби түрде өңдемесе, онда ол өзіне у болып тарайды. Сол себептен арнайы білім алып, психология саласын жан-жақты зерттеген абзал, - дейді Гүлзат Қанат.

Білікті психологтың айтуынша, диагнозға қарай терапия түрін таңдау керек. Оларды ажырату үшін сауатты болу керек.

Бәріміздің психикамыздың психотикалық бөлігі бар. Егер психоздағы пациент келетін болса, ол психологтың психотикалық бөлігін қозғайды. Ал өзін зерттемеген, қорғаныс механизмдерін білмейтін, психикасы бекімеген маманның бұл психозға еруі өте оңай. Әдетте маманның алдына түрлі диагнозы бар, қиын жағдайдағы пациенттер келеді. Осы жерде диагнозға қарай терапия түрін таңдау керек. Біреуге психолог емес, психиатр, дәрі-дәрмек керек болады. Оларды ажырату үшін сауатың болуы керек. Тасымал, кері тасымал, проективті идентификация деген терминдер бар. Бұларды терапия барысында айыра алмаған адам пациенттің проблемасын өз өміріне арқалап кетеді. Ал пациенттің проблемасы мен психолог өмірінің арасына шекара қоятын нәрсе – супервизия, - дейді психолог.

Маманың айтуынша, психоаналитиктердің өмір жасы да, бұл мамандықта жұмыс істеуі де ұзақтау болады.

Психоаналитиктердің жеке анализі, супервизиясы, оқуы ұзақ өмір сүруге көмектеседі. Мысалы, психоанализдің тірі классиктері Отто Кернберг 95 жаста, Нэнси Мак-Уильямс 78 жаста. Олар әлі күнге дейін психоанализ саласында қызмет етіп келеді, - дейді Гүлзат Қанат.

Қорытындылай келгенде, өзгеге көмектеспес бұрын, біліміңіз бен біліктілігіңізді сайлап алыңыз. Әйтпесе оның бәрін өз денсаулығыңызбен өтеуіңіз әбден мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы