Шығыс Қазақстан облысында зардап шеккен науқастарға көмек көрсету үшін Астанадан республикалық деңгейдегі дәрігерлер шұғыл түрде Өскеменге жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 5 мамыр күні түнгі сағат 23:00 шамасында Өскемен қаласына Шұғыл медицинаны үйлестіру ұлттық ғылыми орталығының жетекші мамандары келген. Олардың қатарында республиканың бас реаниматологы, Шұғыл медицина департаментінің басшысы Бақыт Жарқымбеков және бас республикалық комбустиолог, Комбустиология департаментінің жетекшісі Жомарт Жалғаспаев бар.
Мамандар әуежайдан бірден ауруханаға барып, зардап шеккендерді тексерген. Кейін шұғыл консилиум өткізіліп, науқастардың диагнозы нақтыланып, әрі қарайғы емдеу жоспары бекітілді.
Денесінің көп бөлігін күйік шалған пациенттің жағдайы өте ауыр. Қазір оған кемінде 72 сағат бойы қарқынды терапия жүргізіледі. Мамандар алдымен науқасты күйіктік шоктан шығаруға тырысады. Жағдайы тұрақталған жағдайда оны Астанадағы Шұғыл медицинаны үйлестіру ұлттық ғылыми орталығына жеткізу мәселесі қаралады, - деді дәрігерлер.
Ал омыртқасынан ауыр жарақат алған екінші пациент санитарлық авиация арқылы Астанаға жөнелтіледі. Ол орталықтың нейрохирургия бөліміне жатқызылып, арнайы операция жасалмақ. Тасымалдау 7 мамырға жоспарланған.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыстық мамандандырылған медицина орталығына жалпы бес адам жеткізілген. Тексеру қорытындысы бойынша екі адам ауруханаға жатқызылды: біреуі травматология бөліміне, екіншісі жансақтау бөліміне орналастырылған. Қалған үш адамға қажетті көмек көрсетіліп, амбулаториялық бақылауға жіберілді.
Қазір жағдай Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасының бақылауында. Ведомство қосымша ақпарат кейінірек берілетінін хабарлады.
Еске сала кетейік, 5 мамыр күні таңертең Өскемендегі кәсіпорын аумағында жарылыс болып, өрт шыққанын жаздық.
Өскемендегі «Қазцинк» ЖШС аумағында болған өрт оқшауланды. Құтқарушылар өртті толық сөндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, 4 адам ауруханаға жеткізілген.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Өскемен қаласындағы өндірістік нысанда болған жарылысқа байланысты жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Өскемендегі «Қазцинк» аумағындағы өрттен кейін іздестіру-құтқару жұмыстары жасалды.
Белгілі болғандай, апаттан зардап шеккен 1980 жылы туған ер адам аса ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Астаналық дәрігерлер көмекке аттанды.
Бұған дейін ІІМ басшысының орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында "Өскемендегі жарылысқа байланысты тұрғындарға өтемақы төлене ме?" деген сауалға қатысты мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, ол аталған апатқа кінәлілер қанша жылға сотталуы мүмкін екенін де айтты.
Тағы оқи отырыңыздар: Жарылыстан кейін "Қазцинк" маңында белгісіз бұлт пайда болды: Экологтар тексеруге кірісті
Өскемендегі жарылыс жұртты дүрліктірді: Экологияға қауіп бар ма?
Өскемендегі жарылыстан 2 адам қаза тауып, 5-еуі жарақат алды