Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында «Қазцинк» кәсіпорнындағы жарылысқа қатысты тергеу барысы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға жан-жақты зерттеліп жатыр. Топты Төтенше жағдайлар министрлігі басқарып отыр.
Қазіргі таңда тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 156-бабының 4-бөлігі бойынша тіркелді. Бұл бап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады, – деді Әділов.
Вице-министрдің сөзінше, тергеу аясында 10-нан астам сот сараптамасы тағайындалған. Соның ішінде ең маңыздысы – жарылыстың нақты себебін анықтау.
Қазіргі таңда екі негізгі нұсқа қарастырылып отыр:
– өндірістік (технологиялық) процестің бұзылуы;
– адам факторы, яғни еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы.
Бұл бағытта Өнеркәсіп министрлігінің мамандары да жұмыс істеп жатыр. Сараптамалардың қорытындысы тергеудің әрі қарайғы бағытын анықтайды, – деді ол.
Әділовтың айтуынша, әзірге нақты күдіктілер анықталмаған. Тергеу енді басталғандықтан, қорытынды жасауға әлі ерте.
Еске сала кетейік, 5 мамыр күні таңертең Өскемендегі кәсіпорын аумағында жарылыс болып, өрт шыққанын жаздық.
Өскемендегі «Қазцинк» ЖШС аумағында болған өрт оқшауланды. Құтқарушылар өртті толық сөндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, 4 адам ауруханаға жеткізілген.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Өскемен қаласындағы өндірістік нысанда болған жарылысқа байланысты жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Өскемендегі «Қазцинк» аумағындағы өрттен кейін іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін ІІМ басшысының орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында "Өскемендегі жарылысқа байланысты тұрғындарға өтемақы төлене ме?" деген сауалға қатысты мәлімдеме жасады.
Тағы оқи отырыңыздар: Жарылыстан кейін "Қазцинк" маңында белгісіз бұлт пайда болды: Экологтар тексеруге кірісті
Өскемендегі жарылыс жұртты дүрліктірді: Экологияға қауіп бар ма?
Өскемендегі жарылыстан 2 адам қаза тауып, 5-еуі жарақат алды