«Казцинк» ЖШС аумағындағы өрттен кейін өнеркәсіптік аймақ маңында белгісіз бұлттың пайда болғаны тіркелді. Осыған байланысты жағдайды нақтылау үшін Шығыс Қазақстан облысының Экология департаменті мамандары оқиға орнына шықты.
Мамандардың мәліметінше, қазіргі уақытта атмосфералық ауаға тараған ықтимал шығарындыларды анықтау бойынша қажетті іс-шаралар жүргізілуде.
Сонымен қатар, департамент өз құзыреті шеңберінде санитариялық-қорғау аймағының шекарасында атмосфералық ауаның сапасына аспаптық өлшеулер жүргізіп жатыр. Бұл тексерістер қоршаған орта мен тұрғындардың қауіпсіздігін бағалау үшін қолға алынған.
Өлшеу нәтижелері қосымша хабарланатыны айтылды.
Қазіргі таңда жағдай бақылауда. Құзырлы органдар оқиға салдарын толық анықтау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жұмысын жалғастырып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Өскемендегі зауыттардың бірінде өрт шыққаны хабарланған еді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, шаң ұстау құрылғысында жарылыс болып, артынша өрт тұтанған. Соның салдарынан ғимараттың бір бөлігі құлаған.
Белгілі болғандай, Өскемендегі "Казцинк" аумағында жарылыс салдарынан шыққан өрттен зардап шеккен 4 адам ауруханаға жеткізілді.
Премьер-министр Олжас Бектенов Өскемен қаласындағы өндірістік нысанда болған жарылысқа байланысты жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Тағы оқи отырыңыздар: "Казцинктің" бір бөлігі үйіндіге айналған: Іздеу жұмыстары жүріп жатыр