Өскемендегі жарылыс жұртты дүрліктірді: Экологияға қауіп бар ма?

Тұрғындар алаңдаулы, ресми органдар тексеріс жүргізіп жатыр

Бүгiн 2026, 11:23
АВТОР
 видеодан алынған кадр Бүгiн 2026, 11:23
Бүгiн 2026, 11:23
189
Фото: видеодан алынған кадр

Өскеменде кәсіпорын аумағында болған жарылыс тұрғындарды алаңдатып қойды. Әлеуметтік желіде қала халқы «ауа ластанды», «радиация тарады» деген қауіп айтып, пікір жазып жатыр. Алайда ресми органдар жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жарылыс қалай болды?

Оқиға қаладағы ЖШС-тердің бірінің аумағында тіркелген. Алдын ала мәлімет бойынша, шаң ұстау цехындағы құрылғыда газ-ауа қоспасы жарылып, соның салдарынан өрт шығып, ішінара опырылу болған.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жедел жетіп, құтқару және барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір жедел штаб құрылып, зардап шеккендер туралы ақпарат нақтылануда.

Тұрғындар неге алаңдаулы?

Жарылыстан кейін әлеуметтік желіде тұрғындар бұрынғы жағдайларды еске алып, қауіп күшейгенін айтады.

Біз мұндайды бұрын да бастан өткергенбіз. Бериллий өндірісіндегі апат кезінде радиоактивті шаң жұттық, бірақ ол туралы ешкім ашық айтқан жоқ. Қазір де сол жағдай қайталанбай ма деп қорқамыз, – деп жазды өскемендіктердің бірі.

Экология департаменті не дейді?

Редакциямызға Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті жағдайды тексеріп жатқанын мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта ауа сапасы қалыпты.

ШҚО бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменов жағдайға қатысты соңғы ахуалды айтты.

Бүгін таңғы сағат сегізде болған жарылысқа байланысты біз санитарлық-қорғау аймақтарында зертханалық тексеріс жүргіздік. Қазіргі уақытқа дейінгі нәтижелер бойынша ауадағы зиянды заттардың шекті мөлшерден асуы тіркелген жоқ. Қазір қосымша тексеру жүргізіліп жатыр. Төртінші нүкте бойынша нәтижелер жақын арада белгілі болады. Алдын ала мәлімет бойынша, күкірт диоксиді деңгейінің артуы мүмкін деген болжам бар, соны нақтылап жатырмыз. Жалпы, қазіргі таңда тұрғындардың экологиялық жағдайға байланысты алаңдауына негіз жоқ, – деді ол.

Қауіп бар ма?

Мамандардың айтуынша, қазіргі өлшеулер бойынша қала ауасына айтарлықтай зиян келмеген.

Ведомство нақты қорытынды толық зертханалық талдаудан кейін ғана жасалатынын айтады.

Еске салайық, бұған дейін Өскемендегі зауыттардың бірінде өрт шыққаны хабарланған еді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, шаң ұстау құрылғысында жарылыс болып, артынша өрт тұтанған. Соның салдарынан ғимараттың бір бөлігі құлаған.

Белгілі болғандай, Өскемендегі "Казцинк" аумағында жарылыс салдарынан шыққан өрттен зардап шеккен 4 адам ауруханаға жеткізілді.

Премьер-министр Олжас Бектенов Өскемен қаласындағы өндірістік нысанда болған жарылысқа байланысты жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Тағы оқи отырыңыздар: "Казцинктің" бір бөлігі үйіндіге айналған: Іздеу жұмыстары жүріп жатыр  

Наверх