Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елордада өтіп жатқан Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясының (ТҮРКПА) XIV пленарлық отырысында ұйымның негізгі мақсатын атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әшімбаевтың пікірінше, түркі дүниесінің тамыры – бір, рухани мұрасы – ортақ. Бауырлас елдеріміздің біртұтас ұлттық бірегейлігі осы негіздерден бастау алады. Бұл – біздің бірлігіміздің және тығыз ынтымақтастығымыздың берік іргетасы. Шын мәнінде, бізді ортақ тарихқа, мәдениеттер мен тілдердің жақындығына және ұқсас рухани дәстүрге негізделген түркілік болмыс ұйыстырады.
Ұлттық тұтастыққа сына қағу, елдер арасына іріткі салу белең алған қазіргі дәуірде өзімізге тән осы бірегейлікті сақтау – аса маңызды міндет десек, артық бола қоймас. Бұл өзара бірлігімізді нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ мәдениетті, менталитетті және идеологияны біріктіріп, жаһандық ортада жоғалмай, батыл қадамдар жасауға жол ашады, – деп атап өтті ол.
Сенат төрағасының сөзінше, мәдени және рухани бірлікке негізделген одақтың іргесі қашанда берік, келешегі жарқын болады. Сондықтан түркі елдерінің болашағы мәдени және тарихи мұраларымыз бен бірегейлігімізді сақтауға тікелей байланысты.
Бұл геосаяси жоба емес. Ол – ортақ тарих, тіл, құндылықтар және мақсат-міндеттер біріктіретін мәдени, экономикалық заманауи ынтымақтастық. Бұл ретте, әлеуетті адами капиталдың маңызы зор деп білеміз. Шын мәнінде, 160 миллион білімді, мақсаты айқын, мәдениеті мен рухани ұстанымы ортақ азаматтарымыз – елдерімізді дамудың шыңына шығаратын нақты күш. Сондай-ақ мұндай әлеует түркі әлемін дамыған мәдени-тарихи кеңістік ретінде ғана емес, жаһандық өркениет факторы ретінде қарап, онымен санасуға мүмкіндік береді, - дейді Мәулен Әшімбаев.
Оның пікірінше, қажыр-қайрат пен әлеуетті біріктіру арқылы біз ХХІ ғасырда әлем контурын қалыптастыратын жасампаз күшке айнала аламыз. Оған ешқандай күмән жоқ. Ол үшін бізде бірлік, ұжымдық ерік-жігер және Мемлекет басшылары белгілеп берген айқын бағыт-бағдар бар.
Әшімбаев бүгінгі ТүркПА отырысы осы жолдағы маңызды кезеңге және парламенттік дипломатиядағы жаңа көкжиектерге жол ашатынына сенім білдірді.
Бұған дейін Әшімбаев түркі мемлекеттерінің әлеуетін толық пайдалану қажеттігін айтқан еді.
Сондай-ақ жиынның ашылуында Қошанов түркі елдері татулықтың арқасында өркендеп келе жатқанын айтқан болатын.
Оған қоса Мәжіліс төрағасы түркі елдерінің ынтымақтастығын күшейтетін бағыттарды атады.
Еске сала кетейік, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТҮРКПА) Қазақстанның бастамасымен 2008 жылғы 21 қарашада құрылған. ТҮРКПА мүшелері - Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия.
Бүгінгі жиын нәтижесінде ТҮРКПА-ға төрағалық Әзербайжаннан Қазақстанға өтіп, Астана декларациясы қабылданады.
Ал ТҮРКПА-ның келесі XV Пленарлық отырысы 2026 жылы Қырғызстанда өтеді.