Әкесінің қабіріне Құран оқып қайтқан жігітті ауылдастары қуып барып өлтірген

Нұра ауылында Құран оқып қайтқан 24 жастағы жігітке шабуыл жасалды. Қанды оқиғадан кейін бірнеше адам қамауға алынды.

Бүгiн 2026, 15:11
АВТОР
 kazislam.kz Бүгiн 2026, 15:11
Бүгiн 2026, 15:11
325
Фото: kazislam.kz

Алматы облысында әкесінің қабіріне Құран оқуға барған 24 жастағы жігіт пышақталып қаза тапты. Қайғылы оқиға 11 мамыр күні Талғар ауданына қарасты Нұра ауылында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәліметке сәйкес, марқұм туған інісімен бірге түнде осыдан 10 жыл бұрын қайтыс болған әкесінің зиратына барған. Қабір басына барып қайтқан оларды жолда есіктері айқара ашылған көлік тоқтатқан. Көлік ішінде үш ер адам отырған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, ағайындылар көлік иелерінен есікті жауып, жол беруді сұраған. Алайда олар дөрекі жауап қатып, «қажет болса айналып өтіңдер» деген. Бауырлар жанжалға бармай, үйлеріне қарай кеткен. Бірақ арттарынан әлгі үш ауыл тұрғыны ілесіп барған көрінеді.

Үй маңына жеткен кезде 24 жастағы жігіт көліктен түскен сәтте күдіктілердің бірі оған пышақпен шабуыл жасап, өкпе тұсына екі рет соққы жасаған.

Алматы облыстық полиция департаменті аталған деректі растады.

11 мамыр күні Нұра ауылының 24 жастағы тұрғыны пышақ жарақатынан ауруханада көз жұмды. Оқиға туралы хабар түскеннен кейін бірден барлық сыртқы полиция жасақтарына бағыттама беріліп, блокбекеттер қойылды. Жедел-іздестіру шаралары барысында марқұмның үш ауылдасы ұсталды. Аталған факті бойынша «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» баптарымен қылмыстық істер қозғалды, – деп хабарлады полиция.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық азаматтар мен куәгерлердің жауабы мұқият тексеріліп жатыр.

Полиция мәліметінше, істің тергелуі Алматы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған.

Бейресми ақпаратқа сүйенсек, өлімге әкелген пышақ жарақатын салды деген негізгі күдікті небәрі 20 жаста. Марқұмның артында екі кішкентай қызы қалған.

Еске сала кетейік, Алматы облысына қарасты Талғар қаласында да жақында трагедия болды. 20 жастағы Анвар Мусаевтың жақындарының айтуынша, оны бір топ жігіт соққыға жығып, өлтіріп кеткен. Қайғылы оқиға туралы марқұм жігіттің қарындасы Тахмина Османжанова хабарлады. 

Наверх