Атырау облысында бір отбасының өліміне қатысты іс сотқа жолданды. Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты қылмыстық іс сот өндірісіне түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алғашқы сот отырысы 18 мамыр күні сағат 11:00-ге белгіленген. Процесс ашық форматта өтеді.
Істі өңірдің мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты қарайды. Сот процесіне судья Зарема Хамидуллина төрағалық етеді. Өңірдегі ең резонансты әрі ауыр қылмыстық істер көп жылдан бері дәл осы судьяға тапсырылып келеді. Ол бұған дейін Яна Легкодимованы өлтіру ісін қарап, айыпталушыларды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескен болатын.
Айта кетейік, айыпталушылар тізімінде Сәрсемәлиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева жоқ. Бұған дейін бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталғаны хабарланған еді.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысындағы Жангелдин ауылынан ерлі-зайыпты мен олардың екі ересек баласы бар отбасының хабар-ошарсыз кеткені белгілі болған еді.
Ал 6 қаңтарда жантүршігерлік дерек белгілі болды. Үйдің жанындағы қорадан ерлі-зайыптылардың мәйіті табылған.
Сондай-ақ біз Атырау облысындағы қоғамды шошытқан сұмдық оқиғаның хронологиясына тоқталған едік.