Елордада Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясының (ТҮРКПА) XIV пленарлық отырысы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараға ТҮРКПА-ға мүше елдердің парламент өкілдері мен халықаралық ұйымдардың делегаттары қатысып жатыр.
Мәжіліс төрағасы, ТҮРКПА-ның Іс басындағы төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде Қазақстанның 2023 жылы Түркі мемлекеттері ұйымындағы төрағалығы TURKTIME ұранымен өткенін еске салды.
Сол бастаманы жалғастырып, бүгінгі жиынды "TURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі" тақырыбына арнап отырмыз. Жаңа ғасырда парламенттік дипломатия халықаралық қатынастарда маңызды құралға айналды. Түркі дүниесінде де бұл бағыт интеграцияның ажырамас бөлігіне айналып келеді, - деді Мәжіліс спикері.
Ерлан Қошановтың айтуынша, ТҮРКПА бүгінде түркі елдері арасындағы заңнамалық үйлесімділікті қамтамасыз ететін толыққанды институционалдық алаңға айналған. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен ұйымның маңызды рөлін айқындайды.
Парламенттер арасындағы ықпалдастық – сенім мен тұрақтылықтың берік тірегі. Алда экономика, сауда, білім беру, экология және өзге де салалардағы заңнамаларды біріздендіру бағытында ауқымды жұмыс күтіп тұр, - деді ол.
Мәжіліс төрағасы парламенттік дипломатия аясында бірқатар бағытқа басымдық беру қажеттігін атап өтті. Олар:
- халықаралық парламенттік ұйымдармен өзара ықпалдастықты күшейту;
- түркі елдерінің мүддесін басқа форумдарда кеңінен таныту;
- гуманитарлық байланыстарды дамытып, ортақ түркі мәдени мұра, дәстүр мен тілдерді сақтау;
- бірлескен парламенттік форумдар өткізіп, тәжірибе мен идеялар алмасуға жағдай жасау.
Бұған дейін жиынның ашылуында Қошанов түркі елдері татулықтың арқасында өркендеп келе жатқанын айтқан болатын.
Еске сала кетейік, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТҮРКПА) Қазақстанның бастамасымен 2008 жылғы 21 қарашада құрылған. ТҮРКПА мүшелері - Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия.
Бүгінгі жиын нәтижесінде ТҮРКПА-ға төрағалық Әзербайжаннан Қазақстанға өтіп, Астана декларациясы қабылданады.
Ал ТҮРКПА-ның келесі XV Пленарлық отырысы 2026 жылы Қырғызстанда өтеді.