Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әшімбаев түркі мемлекеттерінің әлеуетін толық пайдалану қажеттігін айтты

12 Маусым 2025, 13:22
301
Бөлісу:
 Ғазиз ШАКИРОВ  - архив
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив

Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елордада өтіп жатқан Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясының (ТҮРКПА) XIV пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сенат спикері қазіргі кезде ТҮРКПА-ның маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

Өткен жылдар ішінде бұл алаң парламентаралық ынтымақтастықтың тиімді платформасы ретінде толық қалыптасты. Ассамблея елдеріміздің заңнамаларын жақындастыру және заң шығару қызметінде тәжірибе алмасу ісінде де маңызды рөл атқарады, - деді Әшімбаев.

Оның сөзінше, қазір әлем жаһандық тәртіп пен қауіпсіздік негіздеріне әсер ететін сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр.

Оған шиеленісе түскен геосаяси тұрақсыздық, қарулы қақтығыстар, әлемдік экономикада әртүрлі проблемалардың ушығуы және протекционизмнің күшеюі айқын дәлел. Санкциялық қарама-қайшылықтар мен технологиялық бәсекенің де әсерін атап өткен жөн. Сонымен бірге мемлекеттер арасындағы сенім мен ынтымақтастықтың азайғанын көріп отырмыз. Сондай-ақ біз бүгінде қарқынды технологиялық серпіліс дәуіріне қадам бастық. Бір жағынан, цифрландыру даму үдерісін жеделдете түсетіні сөзсіз. Ал екінші жағынан, ол теңсіздікті күшейтеді, киберқауіп деңгейін арттырады, жалған ақпараттың таралуына ықпал етеді. Дегенмен қазіргі сын-қатерлермен бірге алдымызда жаңа мүмкіндіктер де ашылып жатқанын айтуға тиіспіз. Осыған байланысты түркі мемлекеттерінің зор әлеуетін толық пайдаланып, өзара іс-қимылды жандандыра түсуіміз керек екені анық, - деп есептейді Мәулен Әшімбаев.

Қазіргі таңда біздің елдерімізде 160 миллионнан астам халық бар. Ал барлық жалпы ішкі өнім 1,5 триллион доллардан асады. Былтыр өзара тауар айналымы 42 миллиард доллардан асты. Сыртқы сауданың жалпы көлемі шамамен 1,3 триллион долларға жетті. Бұл көрсеткіштер елдеріміздің экономикалық байланысы және ресурстық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі артып келе жатқанын білдіреді.

Бізде қазіргі сын-қатерлерге бейімделумен қатар өзіміздің технологиялық, экономикалық және экологиялық күн тәртібімізді жүзеге асыруға қажетті нәрсенің бәрі бар. Сондықтан Қазақстан түркі әлемінің әр мемлекетімен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше көңіл бөліп келеді, - деді Сенат төрағасы ТҮРКПА отырысында.

Бұған дейін жиынның ашылуында Мәжіліс төрағасы, ТҮРКПА-ның Іс басындағы төрағасы Ерлан Қошанов түркі елдері татулықтың арқасында өркендеп келе жатқанын айтқан болатын. Сондай-ақ ол түркі елдерінің ынтымақтастығын күшейтетін бағыттарды атады.

Өзгелердің жаңалығы