Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Түркі елдері татулықтың арқасында өркендеп келеді – Қошанов

12 Маусым 2025, 12:38
572
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
Фото: Артём Чурсинов - архив

Елордада ТҮРКПА ХІV пленарлық отырысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиынды Мәжіліс төрағасы, ТҮРКПА Іс басындағы төрағасы жоғары мәртебелі Ерлан Қошанов ашты.

Өздеріңіз білесіздер түбі бір түркі дүниесінің тамыры тереңде жатыр. Елдеріміздің тарихы мен рухани бастауы, мәдениеті мен тілі, тағдыры ортақ. Жаңа ғана Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бізбен арнайы кездесіп, осы туыстық-достық қарым-қатынасты ерекше атап өтті. Небір қилы замандарды бастан кешсек те, арамыз ажыраған жоқ. Кейінгі кезеңде бауырлас елдеріміздің ынтымағы бұрынғыдан да бекемденіп келеді, - деді ол.

Қошанов атап өткендей, байырғы бабаларымыздан басталған тарихи сабақтастық бүгінде “түркі елдерінің интеграциясы” деген ұранмен жалғасын тауып келеді.

Қазір түркі жұртының көші ілгері. Өзара татулық пен түсіністіктің арқасында елдеріміз өркендеп келеді. Бұл – ең әуелі біздің мемлекеттеріміздің басшылары жүргізіп отырған байыпты саясаттың нәтижесі. Президенттеріміз түркі интеграциясы бағытында орасан жұмыс атқарып жатыр. Әлемдегі геосаяси ахуал мың құбылып тұрғанына қарамастан, түркі елдері өсу мен өрлеудің құбыласынан, дамудың даңғыл жолынан жаңылған жоқ. Осы қалпымыздан таймасақ, әлі талай жетістікке жетеріміз анық, - деп атап өтті Мәжіліс төрағасы отырыста.

Еске сала кетейік, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТҮРКПА) Қазақстанның бастамасымен 2008 жылғы 21 қарашада құрылған. ТҮРКПА мүшелері - Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия.

Бүгінгі жиын нәтижесінде ТҮРКПА-ға төрағалық Әзербайжаннан Қазақстанға өтіп, Астана декларациясы қабылданады.

Ал ТҮРКПА-ның келесі XV Пленарлық отырысы 2026 жылы Қырғызстанда өтеді.

Өзгелердің жаңалығы