Бүгінде білімге құштар, мақсаты айқын жастар көп. Әсіресе, отбасы ошақ қасының шегарасын кеңейтіп, қызмет атқарып жүрген қазақ қыздары бар. Тіпті, баламен мұхит асып, АҚШ-та білім алған аналарға қарап тамсанасың. Сондай жандардың бірі – журналист Арай Канапьяева. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы, «Таңшолпан» таңғы ақпаратты-сазды бағдарламасының, ауа райы болжамының жүргізушісі, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанып, New York Film Academy түлегі болған маманмен BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасты.
Арай, өзіңіздің жайлы қысқа айтып берсеңіз. Туған жеріңіз, оқыған мамандығыңыз, неге журналистиканы таңдадыңыз және отбасыңыз жайлы көбірек білгіміз келеді.
Арқаның қызымын. Әкем Қарағанды қаласында жедел жәрдем қызметінің жүргізушісі болды, ал анам балалар үйінің тәрбиешісі болып еңбек етті. Үйдің үлкенімін. Екі бауырым бар. Орта білімді Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында алдым. Мектеп жасынан қоғамдық іс-шараларды жүргізіп, КВН ойнап, ғылыми-практикалық конференция, олимпиадаларға қатысып, көпшілік алдында тосылмай сөйлеп, түрлі ситуациядан сөз тауып шығуды үйренген оқушы болдым. Сондықтан өскенде жүргізуші боламын деген мақсатым болды. Шыны керек, ата-анам қазақ тілі мен әдебиетіне грант аз болады деп уайымдағаны есімде. Бірақ мен ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультеті Баспа ісі мамандығына грантқа түстім. Неге бұл мамандық десеңіз, сол 2013 жылы Баспа ісіне грант жақсы бөлінді. Соның бірі маған бұйырды. Жылына миллион теңге төлеу ата-анама оңай болмайтынын білдім. Одан қалды бауырларым бар. Бәрімізді оқыту керек. Екіншіден, топта студент саны көп емес және журналистикадағылар оқыған сабақты бірдей оқыдық. Бірен-сараң сабақтың өзгешелігі болды. Дегенмен, құр қалған ештеңеміз жоқ. Үшіншіден баспада жүріп, редакторлық қабілетімді шыңдағым келді. Практика кезінде жазу, ойды қағаз бетіне айқын, дұрыс түсіру арқылы болашақта берген мәтінді судыратып оқып қана қоймай, ойға ой қосып, қажет жерді жөндей алатын тәжірибе жинағым келді. Мен мұны кәсіби маман үшін аса қажет қабілет деп білемін.
Бүгінде декреттегі анамын. Жолдасым Марат Канапьяев – әріптесім. Мен экранның бергі, ол арғы жағында қызмет етеді. Шеф-редакторым. Техникалық мамандықтың иесі болса да, маған жаны ашып, «мына сөзді былай айттың, қолыңды көп сермедің, қонақтың сөзін бөлдің, былай жүргізсең, күшті болатын сияқты» деп сырттай сынап, баппен артық-кемімді түзетіп отырады. Екі ханшайымымыз бар.
Сізді қазақ телевизиясының қара шаңырағы “Қазақстан” ұлттық арнасы арқылы таныдық. Сондағы тәжірибеңізді баяндап бересіз бе?
Журналистиканы жаны қалаған адамның қара шаңырақта, «Қазақстан» ұлттық арнасында қызмет ету – арманы. Артық айтқаным болмас. Ұстахана. Қайнап жатқан қазан. Бұл қазанда бабың келіспесе, күйесің, уақытында дамып, ұмтылып, жетіліп отырсаң, бауырсақтай пісесің. 2019 жылы жұмысқа Ауа райы болжамының жүргізушісі болып қабылдандым. Кейін таңғы ақпаратты-сазды бағдарлама «Таңшолпанды» қоса жүргіздім. Менің ойымша, келешекте өсемін, өнемін, жетілемін деген жан үшін «Таңшолпан» таптырмас мекен. Таңмен таласып оянған адам, сөзсіз бабында болады. Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық дегендей, ісі өнеді. Сондай-ақ, жаныңдағы әріптестеріңмен түрлі жағдайда хабар жүргізу сенің психологиялық қарым-қабілетіңді ұштайды. Адам үнемі көңілді болып жүрмейтіні анық. Кейде үшеудің біреуінің көңіл-күйі болмаса, тамырын басып, бабын табуға тура келеді. Кісі көңіліне қарап сөйлеу де маңызды. Түрлі қонақ, түрлі тағдыр. Әр сұхбат өзінше бір сабақ. Жалпы, жан-жақты болуды «Таңшолпан» үйретті. Бұдан басқа «Көңілашар» сынды мега жобаларды жүргізіп, жаңа форматта өзіңді сындырасың, илейсің. Одан бөлек «Жедел желі» бағдарламасында модератор болдым. Ол енді нағыз жанталас. Қоғамды алаңдатқан мәселе. Толассыз қоңырау. Әріптетеріңмен «сөз таластыру» да бойдағы қанды жүгіртеді. Сондықтан өмірлік сабақ, адал ас, көрермен ықыласын, мол кәсіби тәжірибе берген ұлттық арнаға қашан да қарыздармын!
Журналистика туралы сөз болғанда көңіліңіз неге алаңдайды?
New York Film Academy-де білім алып жүрген кезде бізге дәріс беруге практик мамандар жиі қонаққа келетін. Америкалық журналист, жаңалықтар жүргізушісі, телепродюссер, Әл-Жазирада жаңалық жүргізген кездерімен ел есінде қалған Тони Харрис дәріс оқыды. Өзінің тәжірибесін бөлісті. Бірден бағдарлама жүргізіп кетпеген. Тілші, қатардағы редактор қызметінен еңбек жолын бастағанын айтты. Жалпақ тілмен айтқанда «поле» дейміз ғой. Алаңда жүріп, жүгіріп, тәжірибе жинап, студияға отырған маман қашан да бағалы. Ол суға салса, батпайды, отқа салса, жанбайды. Бізде, өкінішке қарай, енді дипломын алған түлек бірден студиядан сөйлегісі келеді. Жақсыға тез қол жеткізгісі келеді. Оңай деп ойлайды. Бұл мәселе мені алаңдатады.
Екінші мәселе, телефонға телмірген, бәрі жылдам әрі оңай болған заманда көрерменді көк жәшікке қарату оңай емес. Тікелей эфирді тамашалағаннан ютубтан көре салғанды жөн көреді. Бүгінде әлемде адамның назарына, жанарын жаулау үшін қарусыз майдан жүріп жүріп жатқанын айтпаса да түсінікті. Елең еткізер ақпараттың ғұмыры 8-10 секунд. Дәл осы сәтте көрерменді ұстасаң, ұстадың. Ұстай алмасаң, жылжыта салады. Осы мәселе әлемнің ақпарат саласындағы қызметкерлерді алаңдатып отыр. АҚШ-та түрлі шоудың түсіріліміне бардым. Өзім қатысқан бірде-бір бағдарламаны онлайн тамашалай алмадым. Студенттің үйінде теледидар болмады. Бағдарламаны сол сәтте ташамалау үшін платформаға сағындырып, сарғайтып салады. Бекер емес. Бізде бәрі керісінше. Осы бір мәселе де журналист жүрегіне маза бермей жүрген жайы бар.
Өзіңіз айтқандай, АҚШ-та білім алдыңыз. «Болашақ» бағдарламасының грантын жеңдіңіз. Неге шетелде оқуды және АҚШ-ты таңдадыңыз?
«Бір орында тұрған су сасиды». Жаман естілсе де шындық осы. Аттай қалаған мамандығыммен жұмыс істедім. Құдай қалап, тілегім қабыл болып, қалаған бағдарламаларымды жүргіздім. Бір ізге түсіп алдым. Төселдім. Жаным бір серпілісті, жаңашылдықты қалады. Бар білгенімді пайдаланып, таусылғандай күй кештім. Өзім үшін жаңалық, білім іздегім келді. Көрермен көнеді екен деп, бар біліміңді илеп-илеп ұсына бермейін, түрленейін деп білім алуға бекіндім. Шығармашылыққа жақын адамдардың қашан да шабыт іздеп, құбылып тұратын әдеті ғой. Мен де сол қалыпты күйден шығып, шыңдалып, жаңа леп іздедім. Бір сөзбен айтқанда серпіліс қажет болды.
Неге АҚШ? Мойында, мойындама біздің елде бар бағдарламалардың түп-төркіні АҚШ-тан келеді. Әлемді аузына қаратып, артынан аналог жасататын не құдірет деген ой келді. Мықты бағдарламалардың, әсіресе, «Ауа райы болжамының» жасалу жолын, техника, ішкі кухнясын көру мақсатында АҚШ-ты таңдадым. Графикасы, күн райына қатысты ақпаратты таратуы қатты қызықтыратын. Мұхиттың арғы жағындағы әріптестеріммен тәжірибе алмасу үшін Америка Құрама Штаттарын таңдаған жайым бар.
Ана болған соң жауапкершілік бар. Кішкентай баламен мұхит асып кету, отбасымен оқу қиын болды ма?
Оңай болмағаны рас. Иә, ең алдымен материалдық жағы қиын болды. Болашақ беретін шәкіртақы тек степендианттың қажеттілігін өтеуге ғана шақталған. Ал, бала-шаға ол енді жолдасымның мойнына жүктелді. Мен конкурстың нәтижесі шыққанда бірден жолдасыма «Аш болсақ та, тоқ болсақ та, бірге көрейік. Жалғыз бармаймын» дедім. Біріге көтерген жүк қашан да жеңіл ғой. Құдай қарасып, тәуекел еткен екеуді дегеніне жеткізді. Өзге елде бір-бірімізге деген сенім, алғыс артты. Төзім мен сабыр сыналды. Командалық жұмысымыз жанданды. Өзімізге беймәлім қабілетіміз ашылды. Ағылшынымыз жақсарды. Ең бастысы балаға білім алудың алғы шартын көрсеттік. Үш жасар Зере профессорлардың лекциясын тыңдап, дәріс беру тәсілін, ілім үйретуін бойына сіңірді. Балабақшада ағылшын тілін ортада үйренді. Ел, жер, жаңа мәдениетті көріп, таным көкжиегіміз кеңейді. Кейде қысылып, қиналсақ та бір өзім емес, отбасыммен түгел транформациядан, бірге өтіп жатқанымызға, бірге дамып жатқанымызға шын жүрегіммен разы болдым. Біріміз қалып, біріміз оқуға кеткенде ортақ әңгіме, естелігіміз болмас па еді? Кім біледі...
Америкалықтардан нақты не үйрендіңіз және оны қалай кәдеге жаратасыз? Олардың оқу жүйесінің айырмашылығы қандай болды?
Сабақтың 90 пайызы практика. Күні-түні ауыр техника арқалап, түсірілімде жүрдік. Бүгінде конвергент журналистика билік құрған заман емес пе? Бұрынғыдай жазып, жүргізген аздық етеді. Түсіріп, оны өзің монтаждай алсаң, әңгіме басқа. Жалпы, бетім жылтырап хабарды жүргізгеннен бөлек, пост продакшнның жай күйін білдім оқу барысында. Дыбыс реттеуді де үйретті. Мені оқу бойы мазалаған бір сұрақ болды. Мынаның бәрін өзім істесем, қанша адам жұмыстан шығуы керек немесе басқа адамдар не істейді? Әлде жұмыстың жасалу жолын бас аяғына дейін білсем, оның сапасы арта ма? Маған бағдарламаны қалай болса солай өткізбеді, әр жұмыстың жасалу жолын білем, қатені түзей аламын. Әзірге бұл сұрақтың жауабын таппадым. Тас лақтырсаң, ютубта бағдарламасы бар тележүргізушіге тиеді. Заманның талабына сай онлайн платформада қажет бола ма бұл қабілет? Қарым-қабілетім қалай, қайда іске асытыны өзіме де қызық. Тек, бекер емесін білемін. Сондықтан оқимын деген азаматқа жол ашатын «Болашақ» бағдарламасына алғысыз шексіз.
Дәл қазір немен айналысып жатырсыз? Білуімше, тағы білім жолына түсіпсіз. Қай саланы қолға алдыңыз және артықшылығы қандай?
Бүгінде негізі тып-тынып декретте отырғаным ана едім. Бөпем ширай басталғалы іште жатқанда көргені болар, компьютерге көп жүгіреді. Клавиатураны басқанды қызық көреді. Содан балаға оқы дегенді ауызбен айтпай, іспен көрсеткен жөн деп білім алып жатқан жайым бар. Гарвардтың The Art of Persuasive Writing and Public Speaking онлайн курсын оқып жатырмын. Көпшілік алдында сөйлеп жүрмін ғой, бірақ шетелдің тәжірибесі қызық. Сабақ барысынды Абрам Линкольн, кіші Мартин Лютор Кингтың сияқты тұлғалардың көпшілік алдында сөйлеген сөздерін, ұрандарын талқылап, неге олай айтты? Қай жерін түртіп алдың? Неге түртіп алдың? Жалпы, өзге кімнің жалынды сөздері есіңде қалды, ол қалай көпшілікті ұйытты деген ойталқы жиі болады. Жалпы, сөздің өтімді болғаны, аз сөзге көп мағына сыйғыза алсаң, қай ортада да сыйлысың. Ыңғайлы тұсы сол сен өзіңе ыңғайлы уақытта, ыңғайлы жерде білім ала аласың. Ұстаздардың дәрісін тыңдап, әлемнің түкпір-түкпірінен бас қосқан өзге де студенттермен пікір алмасатын мүмкіндік бар. Тілді жетілдіруімді де ерекше атап өткім келеді. Ағылшынша қате айтсам ше, дұрыс болу керек қой деп қорқақтаймыз. Бірден тапсырманы тапсыра салғымыз келеді. Дәл қазір менде белгілі бір шаблон жоқ. Әр адамның өз ойы бар, ол сонысымен де құнды деген дүниені жан тәніммен түйсіндім. Қателессең де ешкім күлмейді. Бәрі бірдей болуы мүмкін емес. Қажеті де жоқ және студент, ілім іздеген жан болғандықтан профессорлар сені сөгуден гөрі, жаймен жөнге салады. Шетелдік білім берудің де артық тұсы осы. Курсты ойдағыдай аяқтап, магистратураға түсу ойда бар. Бұл – алғашқы баспалдақ. Мен қандай да бір істі қолға алғанда оны жарияға жар салғанды құп көрмеймін. Тек нәтижесін бөліскім келеді. Үй мен баладан бөлек ойда жүрген ауқымды дүниелер бар. Уақыттың еншісінде. Қазір назарымның басым бөлігі балаларымда. Бүгінімді тиімді пайдаланып, білім алып алайын. Кейін бәрінің басын біріктіріп, жақсы дүние жасап шығару ойда бар.
Арай, уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!