Жібек жолы ауылының бораннан кейінгі бейнесі

29 Қаңтар 2020, 18:19
4749
Бөлісу:
Жібек жолы ауылының бораннан кейінгі бейнесі
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар" деген екен. Биылғы қыс арқаның халқы үшін жайлы басталғанымен, соңғы бір жұмаға жуық тоқтаусыз соққан қарлы боран тұрғындарды біраз әбігерге салды. 

Бас қаланың қандай бейнеде екенін BAQ.KZ тілшісі кеше "Қар құрсауындағы елорда" атты фоторепортаж арқылы айтты. Ал бүгін біз қаланың сыртында орналасқан ауылдың ақтүтек бораннан кейінгі кейпін көріп қайттық.

Жібек жолы ауылы

Мынау Нұр-Сұлтаннан шамамен жиырма шақырымдай жерде орналасқан Жібек жолы ауылы. Аты айтып тұрғандай, бұл ауыл Қарағандыға, Алматыға, Шымкент пен Қызылордаға қатынайтын, бір сөзбен айтқанда солтүстік пен оңтүстікті жалғап жатқан ең үлкен жолдың бойында орналасқан.

Жібек жолы 1.jpg

Ауыл ішінде ашылмаған жолдар көп. Тіпті көлік кіріп шығатын орталық көшесінің өзін бірнеше жерден қар басып қалған. Әсіресе, бұрылыстарда үйілген қардың биіктігі кісінің белінен келеді. Ал үйлердің ықтасын бетіне жиналған қалың қар шатырға жақындап тұр. 

photo5298669602701683712.jpg

Әзірге қала мен ауылға қатынайтын қоғамдық көліктер толықтай тоқтатылған. Жолдың уақытылы тазаланбауына қатысты тұрғындардың сөзінен реніш байқалады. Бұл туралы Жібек жолы ауылының әкімі Ғабдеғайып Серікұлына хабарласып, мән-жайды сұрап білдік.

Өздеріңіз байқасаңыздар ауылымыз өте үлкен. Жібек жолы ауылында тоғыз аудан бар. Қазір жол тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі біздің ауылдың ішімен төрт қоғамдық автобуыс жүріп өтеді. Одан бөлек мектеп оқушылары да сабаққа арнайы мектеп автобуыстарымен қатынайды. Сондықтан орталық көшелерді мүмкіндігінше тазалауға тырысып жатырмыз. Кешегі боран біраз тығырыққа тіреп кеткені рас. Біз ауыл болсақ та уақытылы тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бәріне бірдей үлгеруге техникамыз жетпей жатыр. Біз тұрмақ, техникасы да, күші де бар республикалық жолдардың өзі әлі ашылмай жатыр. Кейде тұрғындар тарапынан түсінбеушіліктер болады. Сабыр сақтау керек. Ертең сабаққа баратын, жұмысқа баратын кісілер үшін ең алдымен автобус жүретін жолдарды тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - деді ауыл әкімі.

photo5298669602701683713.jpg

photo5298768614582758680.jpg

Бүгін боранның беті қайтып, аяз кезек алғалы тұрғандай. Ауыл тұрғындары да неше күннен бері үйілген қардан аулаларын тазалауға кіріскен. Жасы алпысты алқымдап қалған кісінің шанамен қар тасып жүргенін көрген соң, аз да болса қол көмегімді тигізе кетейін дедім. Бір жағынан ауылдың жағдайын сұрайын деген ой да болды.

photo5298768614582758681.jpg

Осыдан төрт жыл бұрын бала-шағаның жұмысы үшін Семейден көшіп келгенмін. Мұндай боран мен қалың қар біз жақта да болатын. Сондықтан маған аса таңсық емес. Боран басталғалы тыным тапқам жоқ. Уақытында тазалап отырмасаң, тау болып үйіліп қалады. Сол үшін күндегі қарды күнде тасып отырамын. Міне, соның арқасында аулам тап-таза, деген Ағыбай әкей ауласына қарап көңілденіп қояды.
Ал мына үйдің тұрғыны гараждағы көлігін шығару үшін қалың қармен алысуда.

photo5298669602701683714.jpg

photo5298669602701683721.jpg

Ал кей тұрғын техниканың көмегіне жүгінуде.

photo5298768614582758683.jpg

Ақылы тасжол

Әлгінде айтқанымыздай, Жібек жолы ауылы Нұр-Сұлтан-Қарағанды тас жолының бойында орналасқан. Ауылдың шыға берісінен Нұр-Сұлтан – Теміртау ақылы тасжолы басталады. Бұл жолда жүруге бірнеше күннен бері барлық транспорт үшін шектеу қойылған. Үлкен жолдың бойын жағалай жүк көліктері тұр.

photo5298669602701683715.jpg

Ескертулерді тыңдамай жолға шығып кететіндердің алдын бөгеп тұрған полиция қызметкерінің айтуынша, бүгін кешке дейін жол ашылуы керек. Қазір арнайы техникалар тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кей жердегі қардың биіктігі үш метрден асады.

photo5298669602701683716.jpg

photo5298768614582758682.jpg

photo5298669602701683718.jpg

photo5298669602701683719.jpg

photo5298669602701683720.jpg

Түркістан облысынан елордаға пияз алып келген Алдиярдың оңтүстікке қайта алмай осы жолдың бойында жатқанына үш күн болыпты. Айтуынша, бір тәулікте 80 мың теңгенің соляркасын жағады екен.

Біздің көзіміз бен фотоаппаратымыздың объективіне іліккені осы болды. Боранның басылғанына қуанғанмен, ауыл тұрғындарының көңілінде "Көктемде қалың қар еріп, су басып кетпес пе екен?" деген алаңдаудың  да бар екенін аңғардық.
Өзгелердің жаңалығы