Бас жаңалықтар
ҚАЖК төрағасы: Заречный түрмесінде орын алған азаптау – жалғыз жағдай
06 Тамыз 2019, 12:24 631

ҚАЖК төрағасы: Заречный түрмесінде орын алған азаптау – жалғыз жағдай

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жақында Заречный ауылындағы түрмесінде болған азаптау оқиға - жалғыз жағдай. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) төрағасы Дархан Қанатбеков айтты. 

"Заречныйда орын алған жағдай - жалғыз. 82 мекеменің барлығын бірдей толық бақылау үнемі мүмкін емес. Егер осындай жағдайлар тіркеліп жатса, біз қатаң шаралар қолданамыз", - дейді Дархан Қанатбеков.

Айта кетейік, 25 шілдеде әлеуметтік желіде Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесінің ЛА-155/8 мекемесіндегі (Заречный ауылындағы түрме) қызметкерлері мен сол колонияда жазасын өтеп жатқандардың заңсыз әрекеті түсірілген видео жарияланған болатын. Видеода түрме қызметкері мен сотталғандар формаcын киген бірнеше адамның бір азаматты ұрып жатқаны көрінген болатын. Осыдан соң, министрліктің араласуымен Заречныйдағы колония басшысы мен бірнеше адам жұмыстан шығарылды.

Оның айтуынша, 2019 жылы пенитенциарлық жүйенің 1500 қызметкері түрлі себептер бойынша жазаланған.

 «Биылғы жыл басынан  1500-ге жуық қызметкер түрлі заң бұзушылықтар үшін жазаланды. Олар - сөгіс, қатаң сөгіс. Ешкім қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ. Үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бақылау комиссиялары мекемелерге барғаннан кейін ұсыныстар жібереді, біз заң бұзушылықтарды анықтап, осы ұсыныстарды қабылдаймыз. Сол бойынша қатаң шаралар қолданылады" - деді ҚАЖК төрағасы.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі интернет желісінде түрме қызметкерлерінің сотталғандарды ұрып-соққан видеосына қатысты түсініктеме берген болатын.

Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық