Елордалық төрт параспортшы Парижде паралимпиадалық медальдар үшін бақ сынайды

26 Сәуір 2024, 01:15
299
Бөлісу:
Елордалық төрт параспортшы Парижде паралимпиадалық медальдар үшін бақ сынайды
Фото: Olympic.kz

Елордалық төрт параспортшы Парижде өтетін Паралимпиада ойындарында жүлделер үшін сынға түседі. Бұл туралы Астана қаласының ӨКҚ брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Парижде 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында 23 спорт түрінен XVII Жазғы Паралимпиада ойындары өтеді.

Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Баймановтың айтуынша, Париждегі Паралимпиада ойындарына Астана қаласының спортшылары 4 лицензия, дзюдо жұбы бойынша 3 лицензия және жүзу жұбы бойынша 1 лицензия жеңіп алған.

Парадзюдода медальдар үшін:

- ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Ақмарал Науатбек күреседі.

Паралимпиадалық рейтингте ол нашар көретіндер арасында J-2 (48 кг салмақ дәрежесінде) 1-орында.

- Дзюдодан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Шамей Ерғали.

Паралимпиадалық рейтингте жалпы зағиптар арасында J-1 салмақ дәрежесінде (73 кг салмақ дәрежесінде) 3-орын алған.

- Бауыржан Арыстанбеков-паралимпиадалық рейтингте парадзюдодан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері жалпы зағиптар арасында J-1 салмақ дәрежесінде (90 кг салмақ дәрежесінде) 7-орында тұр.

Сондай-ақ ойындарға пара жүзуден ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сиязбек Далиев қатысады. Ол 50 м батырфляй қашықтықта әлемдік рейтингте 8-орында.

Айта кету керек, паралимпиадалық лицензиялар үшін күрес әлі аяқталған жоқ. Үстел теннисінен ҚР спорт шеберлері Алтынай Ержанқызы мен Александра Степанова және оқ атудан ҚР спорт шебері Севда Алиева Паралимпиада ойындарында өнер көрсету құқығы үшін таласады.

Естеріңізге сала кетейік, Ханчжоу қаласында (ҚХР) өткен IV Азия пара ойындарында біздің спортшылар сәтті өнер көрсетіп, парадзюдодан және жүзуден 2 алтын 1 күміс және 2 қола жеңіп алды.   

Өзгелердің жаңалығы