Бас жаңалықтар
ҰБТ-2021: Ережені бұзған тестіленушінің нәтижесі бірден жойылады
05 Сәуiр 2021, 13:42 527

ҰБТ-2021: Ережені бұзған тестіленушінің нәтижесі бірден жойылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов тестілеу кезінде бұзушылық анықталса, тестіленушінің нәтижелері жойылатынын айтты.

ҰБТ электрондық форматта «бір тестіленуші–бір компьютер–бір камера» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Аудиторияда не болып жатқанын көрсететін камералардан басқа, тестіленуші отыратын әр үстелдің үстінде тағы бір камера орнатылады. Прокторинг пен бейнебақылаудың заманауи жүйесі және ҰБТ-да бөгде адамдарды болдырмау үшін Face ID цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады, - деді ол.

Дидар Смағұлов баяндағандай, ережелердің сақталуын арнайы компьютерлік бағдарлама бақылайды, Ол тыйым салынған заттарды қолдану фактілерін автоматты түрде анықтайды. Егер ҰБТ тапсыру кезінде талапкердің смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестілеу автоматты түрде тоқтатылады, тестіленушінің нәтижелері жойылады. 

Тестілеу процесін қосымша ахуалдық орталық бақылайды. Сондай-ақ ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ҰБТ-ны өткізу рәсіміне Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Арнайы мониторингтік тобы мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері шақырылатын болады, - деп түсіндірді орталық директоры.

Кез келген ата-ана өзінің баласының қалай тапсырып жатқанын education.kz сайтынан көре алады. 

Барлық бейнежазбалар осы жылдың 25 тамызына дейін қайтадан қаралады. Егер қосымша тыйым салынған зат анықталса немесе басқа да ережені бұзу фактілері болса, онда тестіленушінің нәтижесін жоюға құқығымыз бар. Бұл жұмыс өткен жылдағыдай атқарылады, - дейді Смағұлов брифингте.

Еске сала кетейік, мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 15 сәуірде басталып, 30 маусымға дейін жалғасады.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...