Өшпейтін рухани мұра, өрісті өнеге қалдырды – министр

5 Сәуір 2021, 13:30
2273
Бөлісу:
Өшпейтін рухани мұра, өрісті өнеге қалдырды – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі жазушы, көрнекті қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов ағамыздың дүниеден озуына байланысты  марқұмның отбасы мен жақын-туғандарының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын, деп жазды Facebook- тегі парақшасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева. 

Қабдеш ағамыз бүкіл саналы ғұмырын еліміздің руханияты мен ұлттық әдебиетімізді дамытуға арнап, көркем роман жазу дәрежесін жаңа белеске көтерген дегдар жазушы, қарымды қоғам қайраткері еді. Көзі тірісінде зор шығармашылық ой-өрісімен, терең парасатымен халқының үлкен ілтипатына бөленіп, артына өшпейтін рухани мұра, өрісті өнеге қалдырды. 

 Ардақты ағамыздың жарқын бейнесі мен ұлттық руханияттағы орны қалың қауымның жүрегінде мәңгi сақталады деп сенемін. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын, - деп жазды министр.

Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да Қабдеш Жұмаділовтің отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.
Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан танымал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, «Халық алғысы» медалінің, «Парасат», II дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Қабдеш Жұмаділовтің қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Қабдеш ағамыз ғибратты ғұмырында мағыналы тірлік кешіп, өзінен кейін өшпейтін із қалдырған, қазақ əдебиетінде сара жол салған қарасөздің қарагері, дарабоз жан еді. «Қаздар қайтып барады» əңгімелер жинағы, Қаракерей Қабанбай туралы қос томды «Дарабоз» романы, қазіргі заман жайлы «Бір қаланың тұрғындары», «Бір түп тораңғы», «Саржайлау» шығармасы, Тəуелсіздіктен кейінгі кезеңді суреттеген «Қылкөпір» жəне замандастары туралы сыр шертетін «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романы ойлы оқырмандарының жоғары бағасын алды. Өнегелі өмір иесінің асыл бейнесі туған-туыс пен қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады.

Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы жібектей жұмсақ болсын. Рухы сегіз жұмақтың төрінде шалқысын, - деді министр.


Өзгелердің жаңалығы