Су тасқыны. СҚО-дағы мәселелер қалай реттеліп жатыр?

26 Сәуір 2024, 17:01
1042
Бөлісу:
Су тасқыны. СҚО-дағы мәселелер қалай реттеліп жатыр?
Фото: BAQ.KZ

8 сәуірде СҚО-да Есіл өзені ернеуінен асып, Солтүстік Қазақстанның бірнеше елді мекенін су басты. Ернеуінен асқан су Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Новоишимское ауылының шеткі көшелеріне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Су тасқыны басталған кезеңнен бастап жергілікті әкімдіктер тасқыннан зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетілетінін, ауылға келтірілген шығынның өтелетінін айтты.

СҚО су тасқынының екінші толқынына дайындалып жатыр

Облыста Сергеев су қоймасы 164 % толып, су бөгет шыңынан 3 метр 37 см-ге жеткен. Тәулік ішінде 19 см төмендеген.

Облысымыздағы жағдай әлі де күрделі. Антирекорд 2024 жылы - 4 метр 25 см, 2017 жылы - 3 метр 38 см болған еді. Есіл өзенінде Қызылжар ауданының Новоникольское селосындағы гидробекетте су деңгейі 6 см көтерілді. Алайда жаңа да үйлерді су басу деректері тіркелген жоқ. Петропавл қаласында тәулік ішінде су деңгейі 11 см көтерілді. Долматово селосында (РФ шекарасында) бұл көрсеткіш 2 см көтерілді, - деді Жазира Қожахметова.

"Қазгидромет" мамандарының болжамы бойынша, екінші толқын, бірінші толқындай көп су әкелмейді және де үйлерді су енді баспайды.

СҚО су тасқынының басынан бері 3419 үй су басты, оның 196 үйінен суға кетті. Қазір 3223 үй және 1116 үй маңындағы аула суда тұр. Жалпы облыс бойынша 14388 адам эвакуацияланды, олардың 3596-сы бала. Бүгінгі күнге, 764 адам үйлеріне қайтты, олардың 200 бала бар. Эвакопункттерде 906 адам, оның 159 бала орналасты. Ал 12718 адам (3237 бала) туысқандарына қайтып барды. Сондай-ақ 5323 бас мал қауіпсіз жерлерге көшірілсе, 447 иелеріне қайтарылды, - деді спикер.

СҚО-ға 600 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жеткізілді

Келтірілген материалдық залал үшін өтемақы алуға өтініштерді қабылдау бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 634 млн теңгеге 1717 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды.

Облысқа республика өңірлерінен, сондай-ақ Омбы қаласынан 576 тонна гуманитарлық көмек (азық-түлік, заттар және т. б.) жеткізілді, - деді спикер.

Жалпы, 14 388 адам эвакуацияланып, 764 адам үйлеріне оралды. Қазіргі уақытта зардап шеккендерді уақытша тұрғын үйге көшіру жүзеге асырылуда.

100 үй салынады

"Қазақстан халқына" қоры мен СҚО әкімдігі тасқыннан зардап шеккендерге 100 үй салу туралы меморандумға қол қойды

Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен "Қазақстан халқына" қоры арасында "Солнечный – 2" шағын ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге 100 тұрғын үй салу туралы меморандум жасалды. "Солнечный – 2" шағын ауданында қысқа мерзімде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін дайын инженерлік инфрақұрылым мен коммуникациялар бар.

Бұған дейін Қордың Қамқоршылық кеңесі еліміз бойынша үйлердің құрылысына 10 млрд теңге бөлу туралы шешімді бекіткен болатын. Қосымша, бұл мақсатқа 1-30 сәуір аралығында жиналған ерікті қайырымдылықтардан түскен қаражат бағытталатын болады. 24 сәуірдегі көрсеткіш бойынша қордың шоттарына 2,9 млрд теңге түсті.

СҚО-дағы соңғы аптадағы ахуал қалай?

Бірер күн бұрын Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының екінші толқынының шыңы өтті. Жағдай тұрақталды. Сергеев су қоймасындағы бөгеттен асқан су деңгейі 363 см жеткен болатын, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 298 см-ге тең. СҚО әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы және азаматтық қорғау бөлімінің басшысы Серік Ғайсин осылай деп мәлімдеген еді.

Қала маңында судың сәл көтерілуі байқалады, бірақ ол қауіпті емес. Су деңгейі 2-4 см-ге көтеріледі, мұның бәрі тәулік бойы бақылауымызда. Бұдан былай үйлердің су басуына жол бермейміз, – деді спикер.

Өңірде егіс науқанына дайындық жүріп жатыр

СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелері бойынша кеңес өтті.

Биыл облыста 4,5 миллион гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Әртараптандыру аясында әлеуметтік маңызы бар дақыл – қарақұмық алқабы 26 мың гектарға дейін ұлғайтылады.

Көктемгі дала жұмыстарына 53 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. 256 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарлануда.

Өңір басшысы егіс науқаны оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізілуі керектігін баса айтты. Облыс әкімі тұқымдарды тексеру, минералды тыңайтқыштарды сатып алуға келісім-шарттар жасау, дизель отынын уақтылы жөнелту және жеткізу мәселесін ерекше бақылауға алу және техниканың 100 пайыз дайындығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды дер кезінде жүргізуді тапсырды.

 

Әкім жатақханаларды тексерді

Бүгін СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Уәлиханов көшесіндегі су тасқынынан зардап шеккендер уақытша тұратын жаңа жатақханада болып, тұрғындармен тілдесті.

Зардап шеккендер Жұмабаев көшесіндегі жаңа жатақханаға да көшті. Екі жаңа жатақханада барлығы 440 адам тұрады. Мұнда тұрғындарға барлық жағдай жасалған. Олар баспана мәселесі толық шешілгенше дейін бұл жерде тұратын болады.

Бүгіннің өзінде Ойқаладағы Павлов, Смирнов, Тухачевский, Перминов және Колхозный Косогор көшелерінің бойында мүлікті бағалау және техникалық тексеру жұмыстары басталды. Су тартылған сайын бұл процедураларды шұғыл жасап, бір мезгілде механикалық бригадалар жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын бастамақ.

 

СҚО-да азаматтарға өтемақы алу бойынша кеңес берілді

Штаб қызметкерлері жергілікті жерлерде халыққа әлеуметтік мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Олар халыққа ақшалай өтемақы алу үшін құжаттар топтамасын жинауға көмектеседі. Сондай-ақ барлық өтініш берушілер банкке бармай-ақ құжаттарды жергілікті жерлерде тапсыруы үшін Екінші деңгейдегі банктермен уағдаластыққа қол жеткізілді. Штаб мүшелері гуманитарлық көмек көрсету пункттерінің жұмысын үйлестіреді, сондай-ақ өтінімдерді қалыптастыру, жеткізілген көмекті жинақтау, есепке алу және сұрыптау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.

Қазіргі уақытта 120-дан астам кездесу өткізіліп, 6 мыңнан аса азаматқа түсініктеме берілді, - деді СҚО бойынша қоғамдық штаб мүшесі Арман Бердагулов.

Психологтар петропавлдықтармен кездесті

Психологтар мен Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккен Петропавл қаласының тұрғындарымен кездесті.

СҚО ТЖД және Астана қаласы ЖД психологтарының, Астана қаласы Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлерінің Петропавл қаласы эвакопункттерінде су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындармен кездесті, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы