Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко екіжақты келісімдерге қол қойды.
Екі ел президенттері келісімдер нәтижесінде баспасөз алдында бірлескен мәлімдеме жасады.
Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанда Беларусь капиталының қатысуымен 340-қа жуық кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті. Сонымен қатар, президент екі елдің үкіметтері екіжақты жеткізілетін тауарлардың санын арттыру мәселесін пысықтауы тиіс екенін айтты."Ең алдымен, президент Александр Лукашенкоға және Беларусь делегациясына елімізге ресми сапармен келгені үшін зор ризашылығымды білдіремін. Елдеріміздің қазіргі қарым-қатынасы өзара мемлекетаралық ықпалдастық арасында табысты әрі тиімді дамып келе жатыр. Оның негізін Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы және Беларусь Республикасының президенті қалады. Сондықтан бұл сапарды Қазақстан мен Беларусь арасындағы жемісті стратегиялық серіктестіктің жалғасы деп санаймын.
Қазақстан Республикасының ежелгі досы болып саналатын Александр Лукашенко тағы да елімізге қош келдіңіз деймін. Біздің қонағымыз – ТМД кеңістігінде ең тәжірибелі саясаткерлердің бірі. Оған мемлекет басшылары, Қазақстанды қоса алғанда зор құрметпен қарайды. Бұл біздің үшінші ресми кездесуіміз. Өзара ынтымақтастықты тереңдетуге және дамытуға деген өзара ұмтылысымыздың дәлелі", - деп бастады мәлімдемесін Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Біз бүгін шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргіздік. Екіжақты өңірлік және халықаралық мәселелерді талқылап, өзара байланысымыздың бірқатар маңызды бағыты бойынша ортақ пікірге келдік. Ең алдымен, сауда-экономика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқыладық. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі 800 млн долларды құрады. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ жеткілікті емес. Сондықтан бұл жұмыс келешекте де жалғасын табады деп үміттенемін. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың зор мүмкіндіктерін пайдаланып, қазіргі көрсеткіштерімізді одан әрі арттыруымыз керек. Үкіметтеріміз екі елге жеткізілетін тауарлардың санын көбейту, өзара сауда-саттықты ұлғайту мәселелерін пысықтауы тиіс. Бір-бірімізге қолайлы жағдай жасаудың маңызы зор. Осыған орай арнайы ұзақмерзімді жоспарды қабылдаймыз деп уағдаластық. Келіссөздер барысында өндірістік ықпалдастығымызды күшейтуге баса назар аудардық. Қазіргі уақытта Қазақстанда Беларусь капиталының қатысуымен 340-қа жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Осы ретте 8 бірлескен кәсіпорын ірі өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы техникасын шығарумен айналысады. Біз осы компаниялардың тиімді жұмыс істеуіне қатысты мәселелерді жан-жақты талқыладық", - деді президент.Сондай-ақ, Қазақстан мен Беларусь ауыл шаруашылығы және әскери техникалық ынтымақтастық салалары бойынша қосымша бірлескен 2-3 жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру жөнінде келісімге қолған.
"Ауыл шаруашылығы және әскери техникалық ынтымақтастық салалары бойынша қосымша бірлескен 2-3 жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру жөнінде келісімге қол жеткіздік. Кеше Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақ-Беларусь бизнес форумы іскерлік байланыстарды ілгерілетуге тың серпін берді. Форумның қорытындысы бойынша келісімшартқа қол қойылды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Беларусь арқылы Батыс Еуропа - Батыс Қытай дәлізінде теміржол тасымалы 6,5 есе ұлғайғанын атап өтті.
«Екі елдің географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, екіжақты қатынастарды дамытуда транзиттік-көліктің өзара іс-қимылға зор мән беріледі. Егер Қазақстан Азияға ашылған қақпа болса, Беларусь – Еуропаға жалғасқан көпір. Біздің елдеріміз "Бір белдеу, бір жол" жаһандық бастамының бөлігі болып табылады. Оны іске асыру біздің сауда-экономикалық байланыстарымызға жаңа серпін береді. Бүгін бұл салада Қазақстан мен Беларусь акционерлері болып табылатын бірлескен көліктік-логистикалық компания табысты жұмыс істейді. Оның қызметінің нәтижесінде соңғы үш жылда Қазақстан мен Беларусь арқылы өтетін Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы контейнерлік теміржол тасымалдау 6,5 есе өсті. Бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өзара іс-қимылымызды одан әрі арттыру қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Айта кетейік, бүгін Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенкомен кездесті. Беларусь президенті Қазақстанға ресми сапармен келді. Қазақстан мен Беларусь президенттері екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, мемлекеттер арасындағы сауда айналымын ұлғайтуға уағдаласты.