Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты «Көпсалалы медициналық орталықтың» мамандары түркиялық физиотерапия саласының үздік дәрігерлерімен тәжірибе алмасты. Бұл қайырымдылық шарасы Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (ТІКА) қолдауымын ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылар айтқандай, медициналық орталықтың мамандарына оқыту курсы өткізіледі. Бұл курста медмамандар заманауи технологиялардың қолданылу тәсілдерін, сонымен қатар Түркиядан келген дәрігерлердің тәжірибесін тыңдайды.
Айта кетейік, бүгін басталған курс төрт күнге созылады.
Салтанатты шараның ашылуында сөз сөйлеген Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) Қазақстандағы үйлестірушісі Исмаил Гүрлек мырза ақ халатты жандарды атаулы мерекелерімен құттықтады.
Алдымен Денсаулық сақтау министрлігіне, сіздерге, аурухана басшылығына бізге осындай мүмкіндік бергендері үшін алғыс білдіреміз. Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі өте күрделі әрі маңызды жобаны қолға алып отыр. Адам өмірі бәрінен де жоғары тұратындықтан бұл жобаның маңызы өте зор. 1992 жылдан бері Алматыдан басталған бұл жоба Нұр-Сұлтан қаласында жалғасын тапты. ТІКА денсаулық саласында осындай бірнеше жобаға бастамашылық етті, - деп түсіндірді ТІКА үйлестірушісі.
ТІКА денсаулық саласынан бөлек, әлеуметтік, ауылшаруашылық, технология салаларында да маңызы бар жобаларға атсалысып келеді.
Осындай жобаларымыздың бірі - ауруханамыздың физиотерапия, оңалту бөлімін заманауи технологиялармен жабдықтау және Түркиядан келген мамандардың оқыту-түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Сонымен қатар Медициналық қызметкерлері күні мерекесі құтты болсын! Дәрігерлер - адам өміріндігі ең маңызды тұлғалар. Сол себепті алғысымды білдіргім келеді, - деп айтты Исмаил Гүрлек.
Айта кетейік, ТІКА үйлестірушісі Исмаил Гүрлек мырза Қазақстанда жұмыс істеп жүргеніне шамамен 6 ай болған.
Біздің орталығымыз қайырымдылық іс-шараларымен айналысатын TIKA-мен келісімге келді. Олардың арқасында біздің бөлім тәжірибеден өтіп, өзіміз армандағандай оңалтумен айналысады деп сенеміз. Әрине біздің бөлім құрал-жабдықтарды күтіп отыр. Оның басым бөлігі физиотерапияға, оңалтуға бағытталған. ТІКА-ның арқасында бауырлас елдің дәрігерлері 4 күндік оқыту курсын өткізеді. Олардың тәжірибесі өте көп. Түркиялық дәрігерлер оңалтудың жаңа үрдістерін, физиотерапияның тәсілдерін үйретеді. Олар видеодан теорияны оқып қана қоймай, айтылған дүниені өз пациенттерімізді емдеуде де көрсетеді, - деп атап өтті Инсульт бөлімшесінің меңгерушісі Нұргүл Төлеубекқызы.
Ол ұйымдастырушыларға пациенттер үшін жасап жатқан көмектеріне алғысын білдірді.