#Тәуелсіздік30: «Жетістікке 30 қадам» жобасы бастау алды

8 Ақпан 2021, 11:38
1593
Бөлісу:
#Тәуелсіздік30: «Жетістікке 30 қадам» жобасы бастау алды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының тарихи-өлкетану мұражайында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге байланысты бірнеше жоба дайындалып, көрерменге жол тартпақ. Мұнда атаулы күнге орай «Тарих білгірі» және «Жетістікке 30 қадам» жобасы ұйымдастырылды.
 

 

Елдегі карантине шараларына орай әзірге онлайн форматта ұйымдастырылған жобалармен мұражайдың инстаграмдағы ресми парақшасы арқылы танысуға болады. Музей қызметкерлерінің айтуынша, елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталатын болса, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай аталған жобалар ауқымды офлайн-көрме ретінде өтетін болады. 

30 аптаға созылатын «Тарих білгірі» марафонына оқушылар мен жастар қатыса алады. Әр аптаның бейсенбісінде музейдің инстаграмдағы @museum_krg ресми парақшасында Қазақстанның тарихыны қатысты сауалнама жүргізіледі. Сұрақтарға дұрыс әрі ең бірінші болып жауап берген қатысушы аптаның жеңімпазы атанады. 

Марафон 11 ақпанда басталып, 30 аптаға созылады. Марафонда қойылатын сұрақтар логикалық ойлауды қажет етеді. Біз әрбір қатысушының марафонға бірнеше рет қатысуына мүмкіндік береміз. Осылайша марафон жеңімпазы бірнеше апта сұрақтарға дұрыс жауап берген қатысушылардың арасынан анықталатын болады. Марафонның үздік қатысушыларына сертификаттар табысталып, Нұр-Cұлтан қаласына тегін экскурсияға жолдама беріледі. Экскурсия барысында жеңімпаздар  Ұлттық мұражайға, Тұңғыш Президенттің мұражайына,  Қорғаныс күштерінің тарихы музейіне барып, сондай-ақ астанамыздың көрікті орындарын аралайтын болады, - дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражай директорының орынбасары Дәурен Жүсіпов.  

«Жетістікке 30 қадам» жобасын өткізу облыстық мұражайлардың онлайн-жиналысының қорытындысында қабылданған. Марафон түрінде өтетін шарада облыстың әрбір музейі тәуелсіздіктің жетістіктері жайлы онлайн форматта бейнероликтер дайындап, көрермендерге ұсынатын болады. Жобада еліміздің индустрияландыру, мәдени және рухани саласындағы жетістіктері, ғарышты игерудегі жетістіктері, ядролық қаруға қарсы қозғалыс және басқа да салалардағы қолжеткізген жаңашылдықтары қамтылады деп күтілуде. 

Біздің тарихи-өлкетану мұражайы аталған жоба аясында еліміздің мәдени мұра тақырыбын жан-жақты ашуға барын салатын болады. Бізде алдымен көрме өткізсек деген ой болды. Алайда тақырыптың ауқымдылығына орай мұражайда экспонаттардың жетіспеушілгі болуы мүмкін деген мәселе туындады. Сондықтан да, біз «Жетістікке 30 қадам» жобасындағы жұмысымызды онлайн және офлайн бөлікке бөлдік. Онлайн бөлімде бейнероликтер ұсынуды жоспарлап отырмыз. Ал 16 желтоқсанға қарай ауқымды офлайн-көрме өткізуді жоспарда. Бұл жобаның қорытындысы болмақ, - дейді Дәурен Жүнісов. 


 

Өзгелердің жаңалығы