Сайлау-2021. Өзге елдердің тәжірибесі қандай?

10 Қаңтар 2021, 11:21
4495
Бөлісу:
Сайлау-2021. Өзге елдердің тәжірибесі қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Саяси доданы өткізу туралы Жарлыққа   Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қазанда  қол қойған еді. Бүгінгі күннің басты оқиғасы – сайлаудың өзге елдердегі тәжірибесін де назардан тыс қалдырмадық.

Басты оқиға – саяси дода

Қазақстандағы Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауға 5 саяси партия қатысып жатыр. Партия тізімдеріне 90 әйел, 222 ер азамат енген. 29 жасқа дейінгі 19 үміткер бар. Ең жас кандидат - 1995 жылғы, ал ең үлкені - 1950 жылғы. Үміткерлердің орташа жасы - 46,7. Сайлауға қатысатын партиялар тізімінің арасында 6 шақырылымның 34 депутаты бар. Бұл Мәжіліс тарихындағы 6-шы сайлау болып отыр. Мәжіліс тарихындағы алғашқы сайлау 1995 жылдың 9 желтоқсанында болған еді. Мажоритарлық жүйе бойынша 67 депутат сайланды. 

 Сайлау-2021. Өзге елдердің тәжірибесі қандай?

Сайлау пандемия кезінде, яғни еліміз бен барша әлем үшін күрделі уақытта өтіп жатыр. Дегенмен, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отыра, сайлау офлайн форматта ұйымдастырылды.

Биылғы сайлауға 10 халықаралық ұйым мен 31 шетелдік елден 398 халықаралық байқаушы қатысып жатыр. Атап өту керек, байқаушы мен комиссия мүшелеріне ПТР-сынамасын тапсыру міндеттелді. Ал сайлаушылардың дене қызуы тексеріледі.

Шетелде тұратын қазақстандықтардың сайлауға қатысуын қамтамасыз ету үшін 53 елде 66 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау бірге ұйымдастырылғандықтан қаржы да үнемделді. Сайлауға бас-аяғы 15,3 млрд теңге жұмсалады деп жоспарланған. Осы жерде айта кетейік, мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтіп жатыр.

10 желтоқсаннан 8 қаңтардағы үгіт-насихат кезеңінде БАҚ-та сайлауға қатысты 6 500-ден аса материал жарияланды.

Бұл сайлау бұрынғылардан несімен ерекшеленеді деген сауал тууы да заңды.

Республикамыздағы «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық  заңға және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзетулер енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгерістер мен толықтырулар жасалды.

Енді Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады.

Сонымен қатар, парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады.

Оған қоса, парламенттік тәжірибеде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді.

Бұл норма Парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді.

Бұл жаңа бастамалар партияларға елдегі саяси жүйедегі ұстанымын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер беретіні сөзсіз.

Бүгін 20-00-де дауыс беру тоқтатылып, саяси партиялардың қайсысы басым түскені белгілі болады. Дегенмен, сайлаудан кейін Парламенттің 7-шақырылымы жұмысқа кіріспес бұрын елді тағы бір өзгеріс күтіп тұр. Ол -Үкіметтің ауысуы

«Грузияның арманы» орындалды ма?

Грузия 2020 жылдың 31 қазанында жаңа тәртіп бойынша парламентті сайлауға кірісті. Сайлауда 48 партия мен 2 блок 150 депутаттық орынға таласты. Грузияда парламенттік сайлау аралас жүйе бойынша өткізіледі: 150 депутаттың 120-сы пропорционалды тізімдер бойынша, ал 30-ы мажоритарлы тізім бойынша сайланады. Грузия 2017 жылы парламенттік басқару жүйесіне көшкен еді.

Бұған дейінгі сайлауда парламенттің 150 мүшесі екі жолмен сайланған еді. 5 пайыздық сайлау шегі бар жабық тізім бойынша бір ұлттық округтен 77 мандат, ол 2020 жылғы сайлауға 3%-ға дейін төмендетілуі керек. Қалған 73-і екі турдық жүйе бойынша бір мандатты округтерде сайланды, онда үміткерлер бірінші турда жеңіске жету үшін 50%-дан астам дауыс жинауға мәжбүр болды. Екінші тур егер бірінші турда жеңімпаз болмаған жағдайда екі үздік үміткердің арасында өткізіледі.

Сайлау-2021. Өзге елдердің тәжірибесі қандай?

Грузияда сайлаудың бірінші туры аяқталған соң, оппозиция өкілдері сайлау жарысының екінші раундына қатысудан бас тартып, оның легитимділігіне күмән келтіріп, өз жақтастарын сайлауға қатыспауға шақырды. Яғни, заң шығарушы органның 10-шы шақырылымына мандат алған барлық 8 оппозициялық партия мандатынан бас тартты.

Кейінгі үш аптада Грузияның бірнеше қаласында жүйелі түрде жаңа сайлауды талап еткен ірі қарсылық акциялары өтіп келді.

Екінші тур 21 қарашада өтті. Онда биліктегі «Грузияның арманы» партиясының кандидаттары 17 бір мандатты округте озып шығып, жеңіске жетті.

Сайлауда 2,1 миллионнан астам азамат дауыс беру құқығына ие болды. Олар үшін 2 мыңға жуық дауыс беру учаскесі ашылды. Учаскелер жабылатын күні келушілердің саны 26,29%-ды құрады.

Дауыс беру күні сайлау жәшігінде Грузияның 562 664 азаматы дауыс берді. Сайлаудың екі турының қорытындысы бойынша «Грузияның арманы» X шақырылған Парламентте 150 мандаттың 90-ын алады.

Қалған 60 орын келесі партияларға бөлінді: «Күш бірлікте», «Еуропалық Грузия», «Лело Грузия үшін», «Патриоттар альянсы», «Агмашенебели стратегиясы», «Гирчи», «Азаматтар» және «Біртұтас ұлттық қозғалыс».

Бірінші тур аяқталғаннан кейін митинг ұйымдастырып жүрген оппозиция сайлау қорытындыларымен мүлдем келіспеді. Осы оқиғалардан кейін парламентке өткен партиялар Еуроодақ пен АҚШ елшілерінің қатысуымен келіссөзге отырды. Екі кезеңнен тұрған келіссөз жиынында ортақ келісімге келе алмады.

Бірақ кездесуден кейін Еуропалық Грузия төрағасы Дэвид Бакрадзе оппозиция бойкот жариялауды жалғастыруда, бірақ олар «заңнаманы өзгерту және көктемде жаңа сайлау тағайындау жөніндегі жұмыс тобы аясында осы Парламентпен ынтымақтастыққа дайын екенін айтты.

Қырғызстанның парламенттік сайлауы президентін кетірді

Қырғызстандағы парламенттік сайлау 2020 жылдың 4 қазанында өтті.

Қырғызстан парламенті бес жыл сайын сайланатын 120 депутаттан тұрады. Сайлау пропорционалды жүйе бойынша өткізіледі.

Қырғызстан Конституциясына сәйкес, сайлауда жеңіске жеткен саяси партия жиналған дауыстарға қарамастан, ең көп дегенде 65 депутаттық мандатқа ие болады.

Заңда келушілер шегі қарастырылмаған, сайлау сайлаушылардың кез келген белсенділігімен өтті деп саналады.

Сайлау-2021. Өзге елдердің тәжірибесі қандай?

4 қазандағы парламенттік сайлауға 16 саяси партия қатысты. Алдын ала есептеу бойынша 7 пайыздық шекті 4 партия еңсерген. Олар - «Биримдик», «Мекеним Кыргызстан», «Кыргызстан», «Бутун Кыргызстан».

Қалған партия жеткілікті мөлшерде дауыс жинай алмайды. Сайлау нәтижелерімен келіспеген демонстранттар Бішкекте Қырғызстан парламенті – Жогорку кенеш ғимараты мен Президент әкімшілігі қоршауынан секіріп кірмекке талпынды. Демонстранттар ғимарат ауласына бөтелке, тас лақтырды.

5 қазанда Ала-Тоо алаңында сайлау нәтижесімен келіспегендер митинг ұйымдастырды. Сайлаудан өте алмаған партия лидерлері сайлау нәтижесінің күшін жоюды сұрады. Олардың сөзінше, дауыс беру барысында өрескел бұзушылықтар болған. 

Митингіге шыққандар мен қарулы күштердің текетіресі Ақ үйге басып кірумен аяқталды.

Республиканың заңнамалық органына өтпей қалған партия жақтастары қақпаны жүк көлігімен бұзып, ішке кірді. Сондай-ақ, митингіге шыққандармен бірге ғимаратқа республиканың экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадыр Атамбаев кірген. Ал тәртіпсіздік салдарынан 122 адам ауруханаға түседі.

Осы оқиғалар төңірегінде Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу бойынша комиссиясы 2020 жылдың 6 қазанында Жогорку кенештегі сайлаудағы дауыс беру нәтижелерін заңды күші жоқ деп таныды. 

Бішкектегі жаппай тәртіпсіздік әсерінен ел билігі астанада төтенше жағдай режимін енгізді.

Сайлаудан кейінгі елдегі ахуалға қатысты Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков 15 қазан күні Қырғызстан азаматтарына елде қалыптасқан қоғамдық-саяси жағдайға байланысты үндеу жасады.

Сайлау-2021. Өзге елдердің тәжірибесі қандай?

Еліміздің астанасы Бішкек қаласында қоғамдық-саяси жағдай күрделі болып отыр. Кеше Жогорку Кенеш Үкімет құрамын бекітті, мен Қырғыз Республикасы Президентінің тиісті тағайындаулар туралы жарлығына қол қойдым. Бірақ бұл шиеленіскен жағдайды қалпына келтірмеді. Өкінішке қарай, агрессия азаймаған. Менің тез арада отставкаға кетуіме талап қойылып жатыр, - делінген үндеуде.

Осылайша, Қырғызстан еліндегі парламенттік сайлау ел президентінің қызметінен кетуіне алып келді.

АҚШ-та «демократтар» жеңсе де, тәртіпсіздік орнады

АҚШ-та конгреске сайлау қараша айының бірінші сейсенбісінде өтеді. Кібісе жылы олар президенттік сайлаумен сәйкес келеді және жалпыұлттық деп аталады. Осылайша, былтырғы 3 қарашада АҚШ-та президент сайлауымен бір уақытта 117-ші конгреске сайлау басталды. АҚШ Конституциясының 1-бабына (1787 жыл) сәйкес Конгресс Сенаттан (жоғарғы палата) және Өкілдер палатасынан (төменгі палата) тұрады.

Халықаралық шарттар мен жоғары мемлекеттік лауазымдарға президенттік тағайындауларды бекіту Сенаттың құзыретіне жатады. Сонымен қатар, Сенат Өкілдер палатасының ұсынысы бойынша президентке импичмент жариялау туралы шешім қабылдауға құқылы.

Әр шақырылым конгресінің өкілеттік мерзімі – 2 жыл, әдетте ол сайлаудан кейінгі жылдың 3 қаңтарынан басталады (Конгресс басқа күнді белгілейтін жағдайларды қоспағанда).

Конгресстің орналасқан жері – Вашингтондағы Капитолий шыңындағы Капитолий.

Сайлау-2021. Өзге елдердің тәжірибесі қандай?

АҚШ-та екіжақты жүйе бар. Елдің саяси өмірінде демократиялық (1828 жылы құрылған) және республикалық (1854 жылы құрылған) партиялардың маңызы басым. 1850 жылдардан бастап олар Конгресстің екі палатасы мен мемлекеттік заң шығарушы органдарды басқарды. Басқа саяси күштер ел өмірінде маңызды рөл атқармайды.

Сенат құрамына әр штаттан екі адамнан 100 адам кіреді. Барлық штат халық санына қарамастан тең өкілдікке ие болып отыр. Палата қызметіндегі тұрақтылық пен сабақтастықты қамтамасыз ету үшін әрбір екі жыл сайын құрамның үштен бірі (35 сенатор) қайта сайлануға тиіс.

Ал Өкілдер палатасында 435 депутат бар (оларды дәстүрлі түрде конгрессмендер деп атайды). Мандаттар штаттар арасында олардың санына сәйкес бөлінеді (әр он жыл сайын санаққа сәйкес), бүгінде осы палатаның әр мүшесінің артында 600 мың сайлаушы тұр. Депутаттардың көпшілігі Калифорния (53) және Техас (36) штаттарында.

2014 жылдан бастап Конгресстің 114-ші шақырылымындағы Сенаттағы көпшілік (2015 жылғы 3 қаңтар — 2017 жылғы 3 қаңтар) Республикалық партияға тиесілі болды — 100 орынның 53-і. 2-ші дәрежелі сенаторлардың ішінде демократиялық партияның 12 өкілі, 2 тәуелсіз және Республикалық партияның 23 өкілі болған еді.

Өткен жылғы Джорджия штатында 2020 жылғы 3 қарашадағы сайлаудың бірінші турында бірде-бір кандидат көпшілік дауыс ала алмады.

Нәтижесінде, екінші тур тағайындалды. Ол 2021 жылдың 5 қаңтарында өтті. Онда демократиялық кандидаттар Джон Оссофф пен Рафаэль Уорнок жеңіске жетті. Нәтижесінде демократтар Сенатта 100-ден 50 дауыс алды. Лауазымы бойынша АҚШ вице-президенті Сенат Төрағасы болып табылады. Егер дауыстар дәл жартылай бөлінсе, төраға шешуші дауысқа ие болады. Сондықтан, демократтардың өкілі Камала Харрис вице-президент болып сайланғандықтан, демократтар Сенатты басқаратын болды.

Демек Джо Байден Сенатты бақылай алады. Конгресмендерді сайлау президенттік сайлаумен бір уақытта жүзеге асырылғанын айттық. Президенттік сайлаудың қорытындысы бойынша демократтар атынан «бәйгеге қосылған» Джо Байден жеңіске жетті. 15 желтоқсанда сайлау алқасы демократ Джо Байденнің АҚШ-тағы президенттік сайлаудағы жеңісін растады. Ол сайлаушылардың 306 даусын алды, ал Трамп 232 дауыс жинады.

Жылдың басында, дәлірек айтсақ, 6 қаңтарда Трамптың жақтастары сайлау қорытындысын растағалы жатқан Конгреске басып кіреді.

 Сайлау-2021. Өзге елдердің тәжірибесі қандай?

Трамптың жақтастары дауыс санау болып жатқан Сенат залына дейін жетті. Капитолий полициясы оқ атып, көзден жас ағызатын газ қолданды. Оқиға болып жатқанда Дональд Трамп Twitter желісінде сайлаудағы фальсификация туралы бірнеше жазба жариялап, ашулы жақтастарын тарауға шақырды. Кейін Twitter, facebook және Youtube Трамптың аккаунтын бұғаттап тастайды.

 Сайлау-2021. Өзге елдердің тәжірибесі қандай?

Вашингтондағы тәртіпсіздік салдарынан 4 адам қайтыс болды. Қалада 21 қаңтарға дейін төтенше жағдай режимі жарияланды. Дегенмен конгресстегі дауыс беру нәтижелері мақұлданып, Байден 20 қаңтарда АҚШ президенті қызметіне кірісетін болды.


Өзгелердің жаңалығы