Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осы жылдың Рамазан айының пітір садақысы барлық облыстағы екі килограмм ұнның құнына теңестіріліп, 420 теңге болып бекітілді.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы айтты.
Осы жылдың Рамазан айы сәуірдің 13 жұлдызында басталып мамырдың 12-сінде аяқталады. Орталық Азия мүфтилерімен кеңесіп, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сүйене отырып, осындай шешім қабылдадық. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн қасиетті Қадір түні екенін барша мұсылманға жария етемін. 13 мамыр Рамазан айттың бірінші күні болып белгіленді, - деді бас мүфти.
Оның айтуынша, осы жылдың пітір садақасы жан басына шаққанда 420 теңге болып бекітілді.
Пітір садақасының мөлшері барлық облыстағы екі келі ұнның бағасының мөлшеріне тең. Биыл да елдегі эпидахуалдың төмендеуіне байланысты Мұсылмандар діни басқармасы өңірлердегі діни рәсімдерді өткізуді жасыл, қызыл, сары етіп бөлді. Қадірлі мұсылман бауырлардың осы қасиетті айда ораза тұтушы жандар өздерін тек ішіп жеуден шектемей, жаны мен тәнін де ізгілікке ұмтылдыруды мақсат ету керектігін атап өткім келеді. Өйткені Рамазан ізгі ниет пен әрекетке тәрбиелейтін ай, - деді ол.