Президенттің бір жыл ішінде атқарған жұмысы туралы жинақ жарық көрді

18 Наурыз 2021, 15:48
2155
Бөлісу:
 Президенттің бір жыл ішінде атқарған жұмысы туралы жинақ жарық көрді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Президентінің бір жыл ішінде атқарған жұмысы туралы жинақ жарық көрді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.


2020 жыл бүкіл әлем COVID-19 пандемиясына қарсы жұмыла күрескен жыл ретінде тарих жылнамасына жазылды. Коронавирус індеті тек Қазақстанды ғана емес, дүниежүзін әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа ұшыратты. Еліміз осы қатерлі дерттің салдары ауыр болатынын алғашқылардың бірі болып түсініп, дер кезінде тиісті шаралар қабылдады.

Мемлекет басшысы коронавирус індетімен күрес кезінде, ең алдымен, халықтың денсаулығын қорғау, экономиканың тұрақтылығы мен даму қарқынын сақтау, білім беру салаларына баса мән берді. Атап айтқанда 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді. 2 миллионға жуық адамның несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлердің салық жүктемесі азайтылды. Жалпы Қазақстан Президентінің тапсырмасымен құрылған Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия 500-ге жуық маңызды шешімдерді іске асырды, - деп жазды Берік Уәли.

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия қаупіне қарамастан, өңірлерде қалыптасқан ахуалды өз көзімен көріп, індетке қарсы күресіп жатқан жұртшылықпен жүзбе-жүз кездесіп, облыстардың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысу үшін Жамбыл, Ақмола, Түркістан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарына жұмыс сапарымен барды. Әр аймақтың өзіне тән ерекшеліктеріне байланысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті өркендету үшін инвестиция тарту, түйткілді мәселелерді шешу жөнінде тапсырмалар берді.

 Президенттің бір жыл ішінде атқарған жұмысы туралы жинақ жарық көрді

Коронавирус пандемиясы Қазақстанның халықаралық қатынастарына да айтарлықтай әсер етті. Соған қарамастан, жоспарланған әлемдік деңгейдегі жиындарды онлайн режимде өткізу форматы қолданысқа енгізілді. Атап айтқанда Қасым-Жомарт Кемелұлы БҰҰ-ның 75 жылдығына арналған Жоғары деңгейдегі іс-шараға, БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарына, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің төтенше саммитіне, Еуразиялық экономикалық одақтың саммитіне, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының саммитіне және басқа да жиындарға видео байланыс режимінде қатысты. Осы жиындарда Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, жаһандық және өңірлік байланыстарды дамытуға бейіл екенін айтты.

Жалпы Мемлекет басшысы былтырғы 16 наурыздағы телевизиялық үндеуінен бастап бір жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарды. Осыған байланысты Президенттің Баспасөз қызметі биыл да дәстүрлі түрде Қасым-Жомарт Кемелұлының өңірлерге жасаған жұмыс сапарларының барысында, түрлі жиындарда сөйлеген сөздерін, Үндеулері мен Мәлімдемелерін отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбаттары мен әртүрлі басылымдарда жарияланған мақалаларын үш кітапқа топтастырып шығарып отыр.

Бірінші және екінші кітапқа Қасым-Жомарт Тоқаевтың COVID-19 пандемиясын еңсеріп, еліміздің экономикалық өсімін қайта қалпына келтіру мақсатымен қолға алған бастамалары, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін мемлекеттің алдында тұрған міндеттер жөніндегі тұшымды ой-пікірлері, сондай-ақ, әлемдік маңызы зор халықаралық жиындарда сөйлеген сөздері топтастырылған.

Үшінші кітапқа Мемлекет басшысының отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалалары мен сұхбаттары топтастырылған. Кітапта Қазақстанның халықаралық қатынастарға қатысты ұстанымы, Президенттің ел ішіндегі өзекті мәселелерге қатысты ой-толғамдары сөз болады.

ҚР Президентінің баспасөз қызметі оқырман қауымға Қасым-Жомарт Кемелұлының бір жылда атқарған жұмыстарының жалпы қорытындысы ретінде осы 3 томдықты ұсынып отыр. Жинаққа Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жиындардың фотосуреттері де енген. Кітапта жарияланған материалдар жас ізденушілерге, мемлекеттік мекемелерде еңбек етіп жатқан қызметшілерге құнды әрі деректі құжат болмақ, - деп жазды ол.
 



Өзгелердің жаңалығы