Мен өзімді тек жазушы ретінде сезінемін – Тұрсын Жұртбай

15 Қазан 2021, 14:07
3362
Бөлісу:
Мен өзімді тек жазушы ретінде сезінемін – Тұрсын Жұртбай

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай өзінің 70 жылдық мерейтойына арналған «Елдік ұстаным және Тәуелсіздік нысанасы» ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты.

Жеті жастан жетпіс жасқа дейінгі өмірімді еске алып отырсам, дәл бүгінгідей көңілімді бір сәтке де болса сергітейін деп асыра айтылған алғауға бөленбеппін. Өзім де құрметке құштар болмаған шығармын, бірақ сыйсыз болайын деген ой ешқашан да қаперіме кірген емес. Өйткені мен көптің бірі болып, алғауға ілінген сайын, соғұрлым қарапайым өмір сүруге тырыстым. Жүрегімді жұбатып, күш-қуат беретін қарапайым қазақтардың жан жылуы. Сол жылуды сезінген сайын өз өмірімнің мағынасыз өтпегеніне тәубе етемін. Алайда бүгін мемлекет тарапынан ықылас білдіріп, бауырына тартқанына тәп-тәуір бүйрегім бұрып қалды, - деді ол.

Тұрсын Жұртбай атағандай, мүмкін 70-80-жылдардағы шыршадағы балаларға «болашақта мемлекетті жазушылардың балалары, сендер басқарасыңдар, қазақша білесіңдер» дегенінде Партком тарапынан ескерту алғанын айтты.

Жаңағы шапан жапқан Сағат досымыздың ұлы Мәуленге қарап, мемлекеттік басқаруға жазушылардың балалары келді, Қасым-Жомарт та бар. Мен мұны шын жүрегімнен мақтаныш етемін. Себебі жазушылар тәуелсіздік рухының сақабалары. Ал сақабаның ұрпағы рух иманына берік деген сөзімді мүмкін Қасым-Жомарт Кемелұлы да естіген болар. Мен соны анық сезінемін. Әкесімен 11 жыл бірге істеп едік. Елімнің Президенті тәуелсіздікке бағытталған еңбектерімді елеп жатса, онда шынымен де «еститін мемлекет» болғанымыз, - деді Тұрсын Жұрбай.

Ол жетінші сыныптан 70-ке дейін қолынан қаламы бір түспегенін айтты.

Менің қаламға, қаламның маған адал еңбек еткені аян. Ишара мен емеурінмен жазған кезіміз болған шығар. Осы уақытқа дейін жарық көрген 76 кітабымның ішінде өтірік қолпаштаған, шыңның бетін бояған кезім болған жоқ. Оны өз өмірімдегі бір медетім ретінде сезінемін. Мені ғалым деп алғап жатсыздар, рақмет. Бірақ мен қаламды қолға алған сайын өзімді тек жазушы ретінде сезінемін. Барлық дүниеге жазушының көзімен қарап барып, жазушыға қойылатын талапты өзіме қоямын, - деді Тұрсын Жұртбай.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Замандасым, сырласым» (1976), «Қоңыр қаз» (1978), «Жүрегiмде жұмыр жер» (1980), «Бесқарагер» (1982), «Дара тұлға» (1984), «Жер – бесiк» (1985), «Бабочка под снегом» (орыс тiлiнде, 1990), «Талант Калибека» (1992, орыс тiлiнде), «Болашақтың бәйтерегі» (2007) атты көркем шығармалардың авторы. Бұл туындылар қаламгердiң өзiндiк жазу мәнерi мен философиялық-лирикалық сыйпаты арқылы ерекшеленедi. «Бейуақ» (1990), «Дулыға» (1–2 кiтап, 1994), «Кетбұға» (1996), «Бесiгiңдi түзе!», «Талқы» (1997), «Мухтар Омарханович Ауэзов» (түрiк, орыс тiлдерiнде, Анкара,1997), «Күйесiң, жүрек…сүйесiң!» (2001), «Бесігіңді аяла!» (2002), «Құнанбай» (2004), «Сүре сөз» (2005), «Дулыға» (қайта басылымы, 2007), «Ұраным – Алаш!..» (2007) атты деректi ғылыми-зерттеу кiтаптары шықты.

Өзгелердің жаңалығы