Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Үкіметтің онлайн отырысында биыл 17 млн шаршы метр үйді пайдалануға беру жоспарланып отырғанын айтты.
Тұрғын үй саясатын тиімді іске асыру Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2030 жылы үймен қамтамасыз етуді 1 адамға 30 шаршы метрге дейін жеткізу туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырған кезде алдағы бес жылда 100 млн шаршы метрден астам үй салуды тапсырды, - деп атап өтті ол.Үкімет басшысының сөзінше, 1 млн жуық отбасы үймен қамтамасыз етіледі.
Осындай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру үшін тұрғын үй саясатына реформа жүргізіп жатырмыз. Мұнда тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, жеке құрылыс салушылардың инвестицияларын жалдамалы тұрғын үй салуға тарту үшін жаңа шаралар кешені көзделген. Бұл жұмыста «Отбасы банк» негізгі құрал болмақ, ол баспанаға мұқтаж адамдардың кезегін бір орталықтан қалыптастырып, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде оларға жеңілдікті тұрғын үйлерді сатады, - дейді Мамин.Премьер-министр осы жылы 17 млн шаршы метр үйді пайдалануға беру жоспарда бар екенін айтты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 млн шаршы метрге көп.
Асқар Мамин ұсынылған тәсілдерді қолдайтынын айтты. Сондай-ақ, қандай мәселелерге назар аудару қажеттігіне тоқталды.
Біріншіден, жаңа тәсілдерді тиімді іске асыру үшін тиісті заңнамалық түзетулерді тездетіп қабылдау керек. Индустрия министрлігіне осы жылғы 25 наурызға дейін тиісті заң жобасын Үкіметке енгізуді тапсырамын. Заңнамалық түзетулерді қабылдағаннан кейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына да тиісті өзгерістер енгізу қажет, - деп тапсырма берді Мамин.Сондай-ақ, екінші мәселе - барлық өңірдің әкімдіктері бөлінетін қаражатты биыл толық игеріп, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша барлық көрсеткіштерге қол жеткізуі қажет.
Өңірлерде құрылыс маусымын уақsтылы бастау маңызды. Жер учаскелерін уақытылы бөлу, оларға қажетті инфрақұрылымды жеткізіп, тиісті жобалық құжаттаманың дайын болуын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі өскен сайын құрылыс материалдарына қажеттілік те артады. Осы ретте, отандық құрылыс материалдарын өндіруді одан әрі белсенді дамыту керек, - деді Үкімет басшысы отырыста.Мамин айтқандай, жеке инвесторлардың есебінен жалпы құны 63 млрд теңгеден асатын бірнеше жобалар іске асырылатын болады. Соның ішінде, сэндвич-панельдер, конструкциялар, қасбеттік плиталар, жылу оқшаулау материалдарын өндіретін жобаларды іске асыру жоспарланып отыр
Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Индустрия министрлігіне «Самұрық-Қазына» холдингімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, осы жылғы 15 наурызға дейін Құрылыс индустриясын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын Үкіметке енгізуді тапсырамын, - деп түйіндеді өз сөзін Асқар Мамин.
Оқи отырыңыз: