Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникацилар қызметінде өткен халық алдындағы есеп беру кездесуі кезінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты.
Оның айтуынша, электросамокаттар Ішкі істер органының ғана емес, барлық мемлекеттің бас ауруына айналды. Олардың пайда болғанына көп уақыт өте қойған жоқ және самокаттардың жылдамдықтарының техникалық сипаты да әртүрлі.
Бүгінгі күні сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүруге қауқарлы самокаттар да бар. Алайда заңнамаға сәйкес, олар жол көлік қозғалысының қатысушылары болып саналмайды. Яғни жол көлік ережісінде ондай транспорт жоқ. Өйткені олар көлік нормаларына сәйкес келмейді, артқы, шеткі көлік қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін айналармен жабдықталмаған, дөңгелектерінің диаметрі, тежегіштеріне қатысты сертификатталған техникалық сипаттама жоқ, - деді ол.
Сондықтан электросамокаттарға көлік қозғалысына арналған жолмен жүруге тыйым салынады. Және мұндай жағдай орын алса, оның иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Министрдің айтуынша, оларға велосипедке арналған жолмен және тротуарлармен жүруге рұқсат беру мәселесі қарастырылуда. Қазір осы мақсатта жұмыс тобы құрылды.