Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ОКҚ-де "Елде енгізілген төтенше жағдай және карантин уақытында бизнесті қолдау, жұмыс орындарын сақтау жөнінде" атты тақырып аясында өткен онлайн-брифинг барысында ҚР "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай режимін жариялаған мерзімнен бастап, ҚР "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасында экономика салаларында сараптама жүргізу, ТЖ салдарын азайту бойынша ұсыныстар жинаумен айналысатын жедел штаб құрылды. Дәл осындай штабтар аймақтық кәсіпкерлер палаталарында да жұмыс істей бастады. Ербол Өстеміров ТЖ мерзімінде ҰКП-на түрлі арналар арқылы 32 мыңнан астам өтініш түскенін мәлімдеді.
Жалпы, ТЖ мерзімінде аймақтық және орталық кәсіпкерлер палатасына түрлі арналар арқылы 32 мыңнан астам өтініш түскен. Өтініштердің 74 пайызы жұмыспен қамту саласындағы мәселелер, 54 пайызы қызметкерлерді ақысыз еңбек демалысына жіберу немесе жұмыс күнін қысқартуға қатысты, 20 пайызы жұмыскерлерді қысқартуға қатысты болды,-деді ҰКП өкілі.
Сонымен қатар, өтініш білдіргендердің 86 пайызы қаржылық жағдайының төмендеп кеткенін айтқан.
Кәсіпкерлердің 59 пайызы аренда төлеуде қиындық болғанын, 22 пайызы жұмыскерлеріне еңбекақы төлеуде қиналғанын, 5 пайызы коммуналдық төлем жасауға проблема туындағанын көрсеткен. Осы орайда барлық өтінішті сараптай келе, біз кәсіпкерлердің ұсыныстарын қарап, оларға қандай көмек беруге болатынын ойластырдық. Кәсіпкерлердің 31% несие бойынша, 33% - форс-мажорлық ТЖ жағдайын мойындауды, 28% - салықтық жеңілдіктер бойынша, ал, 8% - еңбек ресурстарына қолдау көрсетуді сұрады. ҰКП Үкіметпен, орталық мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, мемлекеттік қолдау шараларын қалыптастыру және жүзеге асыру бойынша жұмыс істейді, - деді Ербол Өстеміров.