Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екі тәулік іздеуден кейін 2020 жылғы 14 желтоқсанда сағат 15:50-де зардап шеккен 1985 жылы туған ер адам Құмбелсу өзенінің шатқалынан табылды.
Құтқарушылар зардап шеккен адамды жаяу қауіпсіз жолмен Құмбелсу өзені арқылы өтетін көпірге тасымалдауда. Ол жерде жедел медициналық жәрдем бригадалары мен Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері күтіп тұр. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
Қазіргі уақытта ер адамның жағдайы ауыр. Оны тасымалдау жұмысы тәуліктің қараңғы мезгіліне және тау беткейінің қауіпті, тік болуына байланысты қиындады. Құтқару операциясына Республикалық жедел-құтқару жасағының 26 құтқарушысы жұмылдырылды. Құтқару жұмыстары шамамен бірнеше сағатқа созылады, - делінген хабарламада
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 12 желтоқсанында сағат 20.15-те Республикалық жедел-құтқару жасағына Титов көлінің маңында ер адамның жоғалып кеткені туралы ақпарат келіп түскен болатын. Республикалық құтқару жасағының құтқарушылары тәуліктің қараңғы мезгіліне және тау беткейінің қауіпті, тік болғанына қарамастан, жоғалып кеткен адамды іздестіру жұмыстарын белсенді жүргізді. Оқиға орнына жеке құрамның бірнеше тобы мен кинологиялық есептер қосымша жіберілді. Жоғалған адам Горельник тауының жоғарғы жағынан, Титов асуынан, Титов көлінен, Терешкова асуынан, сондай-ақ Чукур жазығынан, Чукур асуынан, Күмбелсу өзенінің шатқалдарынан іздестірілді. Соңғы геолокацияның орны Құмбелсу шатқалының ауданы болды.