Қазақстан президентінің қатысуымен Домбыра күні басталды

7 Шілде 2019, 12:21
4146
Бөлісу:
Қазақстан президентінің қатысуымен Домбыра күні басталды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Домбыра күні мерекесі басталды.

«Қазақ елі» монументінің алдында орналасқан алаңдағы үлкен сахнада бір мыңнан астам домбырашы Домбыра күнін «Әлқисса» күйімен бастады. Олар «Сарыарқа», «Адай», «Әлқисса», «Көңіл толқыны», «Балбырауын» және «Көреғұлы» күйлерін төгілтеді. Сонымен қатар, танымал әнші Ерлан Рысқали «Сал домбыра» әнін шырқады.

IMG_3519-07-07-19-11-58.JPEG

Күмбірлеген күйден бөлек жиналған көрермен назарына «Жастар» театрының актерлері тарихи қойылымын ұсынады, елордалық музыка мектептерінің шәкірттері өнерлерін ортаға салады, ақындар айтысы да өтеді. Суырып салма өлеңге ысылған жандар ұлттық музыкалық аспабымыз – домбыраны жырға қосады. Сондай-ақ, «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда киіз үйлер тігіліп, қазақ ауылы орын тепкен. Келушілер домбыраның және басқа да ұлттық аспаптардың түр-түрімен танысуға мүмкіндіктері бар. 

Мереке кешке Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатрда «Нағыз қазақ – домбыра» концертімен жалғасады. Сахна төрінде Қазақ оркестрі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының солистері мен вокалистері өнер көрсетеді. Концерттің басталуы – сағат 18.00-де. Кіру – тегін. 

Еске салайық, өткен жылы Ұлттық домбыра күніне орай «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда домбыраның құлағында ойнайтын 2 мыңнан аса өнерпаздан құрылған оркестр өз өнерін ортаға салды. Флэшмобқа қатысу үшін еліміздің өңірлерінен де домбырашылар елордаға ат басын тіреді. Шараны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады. 

Айта кетейік, бұл қала тарихындағы айтулы оқиға болды. «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке Сылқым» және «Сарыарқа» күйлерін орындаған домбырашыларға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор Айтқали Жайымов дирижерлік етті. 

Өткен жылы 1 шілдеде өткен Ұлттық домбыра күніне арналған концертке белгілі музыканттар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, оның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Айгүл Үлкенбаева, Нұркен Әшіров, дирижер Арман Жүлдебаев, «Бастау» тобы, «Серпер», «Асыл тобы», «Мұзарт», Асылбек Еңсепов және басқалары қатысқан еді. Өткен жылғы қатысушылардың ең кішкентайы – 7 жаста, ал ең үлкені 75-те болған. Шара барысында ең жас қатысушыға Елбасы өз қолымен домбыра тарту етіп, арнайы сый жасаған болатын. 

Ұлттық домбыра күні 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Жарлығымен бекітілді және жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде аталып өтеді.

Өзгелердің жаңалығы