Эльвира Хабибуллина: Біздің татулығымыз сын сағатта сыналады

26 Сәуір 2024, 13:14
271
Бөлісу:
Эльвира Хабибуллина: Біздің татулығымыз сын сағатта сыналады
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ақтөбе облысындағы «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Эльвира Хабибуллинаны көпшілік жақсы таниды. Жүрген жерін әрдайым шаттық пен қуанышқа толтырып, өзгелерді кішіпейілділігімен баурап алатын татар қызы қазақ тілінде еркін сөйлейді. Мереке қарсаңында біз бірлестік төрайымымен әңгімелескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

— Эльвира Гинақызы, алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз. Ақтөбе өңіріне қай жылдары көшіп келдіңіз?

— Мен негізі Өзбекстан Республикасында туғанмын. 1977 жылы Қазақстанға алты жасымда әке-шешеммен, әжеммен, інім мен сіңіліммен көшіп келдік. Біз Ақтөбе қаласына қарасты сол кездегі Жилянка аталатын ауылда (қазір Қарғалы тұрғын алабы) тұрдық.

Мен осы жердегі орта мектепте оқыдым. Ақтөбеге келгенде орыс тілін мүлдем білген жоқпын. Алайда өзбек, қарақалпақ, қазақ, татар, ұйғыр тілдерін жақсы білетінмін. Көп жағдайда қарақалпақша сөйлейтін едік. Ал әжем үнемі отбасында татар тілінде сөйлейтін, сондықтан біз өз туған тілімізді ұмытпадық. Мұнда келген соң даярлық тобына бардым, оның ішінде орыс тобына қабылдандым. Анам балабақшада жұмыс істеді, ол орыс тілін жақсы білетін. Содан балабақшада жүріп, өзге балалармен сөйлесіп, орыс тілін үйрене бастадым. Ал кейін мектепте орыс сыныбына барғанымда, ол жерде басқа балалармен сөйлесіп, араласу маған өте қиын болды. Ата-анам тіл үйренсін деп мені қосымша орыс тілін үйрететін дәрістерге апарды. Сөйтіп мектеп қабырғасында жүріп, орыс тілін үйрендім, ал уақыт өте келе қарақалпақша, өзбекше сөйлеуді қойып кеттім. Ұйғырша да сөйлемейтін болдым. Алайда қазақ және татар тілдерін ұмытпадым, отбасымызда бір-бірімізбен татар тілінде әңгімелесетінбіз. Әжем бізді солай тәрбиеледі.

Отбасымызда үш бала болып өстік: мен, інім және сіңілім. Мектепте жүргенімізде ата-анамыз бізді музыкалық мектепке берді. Мен фортепиано сыныбына, інім — аккардеонға, ал сіңілім хор сыныбына барды. Жалпы, біздің отбасымызда әкем де, анам да музыкаға, өнерге жақын адамдар. Әкем Гина суретті күшті салады, баянда ойнайды, анамыз соған билейтін. Өкінішке қарай, анам Гадания 2022 жылы өмірден өтті. Отбасында алған тәрбиеден болса керек, біз өнерге жақын болып өстік. Әкем әлі күнге дейін сурет салады. Әкемнің өнері, қабілеті маған дарыса керек, мен де бос уақытымда сурет салғанды ұнатамын.

Мен тағдырыма ризамын, себебі Ақтөбе жеріне көшіп келгеніме қуанамын. Ақтөбе — өте көрікті қала, адамдары да керемет. Менің өмірімдегі түрлі естеліктердің бәрі осы қаламен байланысты. Сондықтан Ақтөбем маған өте ыстық.

Өткенге тағы көз жіберсем, сонау 1980-жылдары осы елге көшіп келгенімізде бізге саяжайдан үй берілген. Біз сол жерде өсіп, өндік. Бау-бақша өсірдік, ауыр жұмыстан қашпадық. Ол кезеңде оқушыларды мектепте жазғы еңбек лагеріне жіберетін. Совхоздарға баратынбыз, көкөніс егіп, соларды жинайтынбыз. Соның арқасында ауылдың өмірін жақсы білеміз. Кішкентай кезімізде отбасымызбен теледидар алдында отырып, түрлі концерт, бағдарламалар көретінбіз. Әкем бізге «Сендер де музыкант болсаңдар, осылай теледидардан көрсетеді» дейтін. Сол ата-ананың үмітін ақтадық деп ойлаймын. Үйдегі үшеуміз алғаш рет қаладағы татар ансамбліне барып жазылдық. Кейін «Язгы-Моннар» татар ән-би ансамблінің құрамында болып, көпшілікке өнер көрсеттік. Содан бізді жиі-жиі теледидардан көрсететін болды. Осылайша біз ата-анамыздың арманына қол жеткіздік. Қазір ойлап қарасам, сол жылдары өте қызықты сәттер көп болған екен.

— Сонда сіз ес білгелі қазақ тілін білесіз бе? Қазір отбасында балаларыңызбен қазақша сөйлесесіздер ме?

— Жоғарыда атап өткендей, біз қазақ, татар тілдерін жақсы біліп өстік. Әжем «қазақ тілін білсеңдер татар тілін ұмытпайсыңдар»  дейтін. Мен қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Ал балаларым қазақ, орыс, татар тілдерін біледі.

Негізі, біздің мәдениетіміз, дәстүріміз қазақ халқына жақын. Бәріміз де діні бір мұсылман халықпыз ғой. Тіліміз де өте ұқсас. Жалпы, қазір біздің бірлестік мүшелерінің дені қазақшаны жақсы түсінеді, дегенмен бәрі бірлей мемлекеттік тілде сөйлей алмайды. Менің ойымша, Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері қазақ тілін білуге тиіс. Біздің ортақ үйіміз, Отанымыз — Қазақстан. Сондықтан мемлекеттік тілді білу — ортақ парыз. Кешегі өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қарым-қатынас тіліне айналатынына сенім білдірді. Мемлекет басшысы өз сөзінде:

«Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қарым-қатынас тіліне айналатынына сенімдімін» деді. Расында да, қазір осы елде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің көбі қазақ тілін үйреніп жатыр. Себебі қазақ тілін білген адамның мүмкіндігі, жетістігі көп. Бұл, бір жағынан, дамудың жолы болса, екіншіден, бұл қазақ халқына деген құрмет, ықылас, ниет және тілектестік деп ойлаймын.

Мен қазақ тілінде еркін сөйлеп, қазақ халқымен аралас-құралас болып, өмір сүріп жатқаныма қуанамын. Осындай бейбіт, тұрақтылық пен татулықтың бесігіне айналған мемлекетте тұрып жатқан барша азамат өзін бақытты сезінуге тиіс.

— Сіз «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігіне жетекшілік еткенге дейін бірнеше жыл ансамбльді басқардыңыз. Осы ансамбль жайлы, сондай-ақ өзіңіз құрған «Сәйлән» тобы туралы айтып берсеңіз.

— Мен алғаш рет 1987 жылы татар ансамбліне қабылдандым. Кейін оқу орнын аяқтап, музыкалық жетекші болып еңбек етіп жүрген кезімде балаларға арнап «Сәйлән» татар балаларының ән-би тобын аштым. Ол 1995-жылдар еді. Басында топ құрамында бала саны аз болды, дегенмен уақыт өте келе музыкалық білім алушылардың қатары көбейе бастады. Осылайша бұл топта бүгінге дейін жүздеген бала білім алып, музыканың қыр-сырын үйренді. Одан кейін облыстағы Достық үйінде этномәдени орталықтар құрылды. Осылайша өңірімізде «Язгы-Моннар» татар ән-би ансамблі жұмыс істеп, осы ұжымға жетекші болдым. Ал 2014 жылдан бастап «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігін басқарып келемін. Бұл бірлестік өз жұмысын бастағанда алғаш рет Ибрагим Терегулов деген белгілі азамат жетекшілік жасады. Одан кейін 1999 жылы Равиль Құрманғалиев басшылық етті. Міне, менің де осы бірлестіктің төрайымы болғаныма биыл он жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында бірлестік талай белесті бағындырды. Көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Мұның бәрі ұжымның ауызбіршілігі, бірлік пен ынтымақтың арқасында деп ойлаймын. Қашан да біз 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күнінде өнер көрсетіп, өзге этномәдени орталықтармен бірге мерекелік іс-шараларға атсалысамыз. Жыл сайын жаңа жобаларды жүзеге асырып, түрлі конкурстарға, челлендждерге, көпшілік шараларға қатысамыз. Бірлестігіміз бірнеше рет облыс әкімінің арнайы марапатына ие болды.

Жалпы, біз, татар халқы — көңілді халықпыз. Үнемі ән салып, би билеп, жүрген жерімізді қуанышқа бөлеп жүреміз. Сондықтан біздің бірлестік мүшелерінің барлығы өнерлі, жан-жақты. Қазір орталықта 200-дей мүше болса, олардың барлығының дерлік бір-біріне ұқсамайтын өнері, қабілеті, дарыны бар. Арамызда қазақ тілін үйреніп жүргендер де аз емес. Спортта, білім, мәдениет салаларында еңбектеніп, байқауларға қатысып, жақсы жетістікке жеткен жастарымыз көп. Жалпы айтқанда, бірлестік мүшелері өте тату, ұйымшыл, әрдайым қолдан келгенше өзгелерге көмек қолын созуға дайын. Мәселен, биылғы су тасқыны кезінде біздің орталықтың мүшелері зардап шеккен отбасыларға көмектесіп, қолдау танытты. Су тасқыны салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылған қарапайым жұмысшыларға ас әзірлеп, қолдан келгенше көмек көрсетті.

— Енді өзіңіздің жетістіктеріңіз, отбасыңыз жайлы айтсаңыз.

— Мен жастайымнан музыкаға жақын болып өстім. Сондықтан үнемі көңілді жүргенді, ән айтып, би билегенді жақсы көремін. Одан бөлек, үйде қолым қалт етсе, тоқыма тоқығанды, қонақ күтіп, дәмді тағамдар әзірлегенді ұнатамын. Отбасында жолдасым екеуміз екі ұл өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Ұлдарымыз Равиль мен Шамиль бірлестіктің мәдени өміріне белсене атсалысады. Оларға әуелі ана, одан кейін бірлестіктің жетекшісі ретінде ақыл-кеңесімді, көрген-түйгенімді айтып отырамын. Ал жеке жетістіктеріме тоқталсам, осы жылдар ішінде бірнеше рет Президенттің Алғыс хатын, Құрмет грамотасын алдым. «Татарстан мәдениетіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне, Ақтөбе облысы әкімінің Құрмет грамотасына, Қазақстан халқы Асссамблеясы төрағасының Құрмет грамотасына ие болдым. Мұның бәрі менің еткен еңбегімнің жемісі, отбасымның, бірлестіктің ортақ жетістігі деп ойлаймын. Сондықтан маған үнемі қолдау танытып, сенім білдіретін отбасыма, бірлестік мүшелеріне, әріптестеріме ризамын. Оларға алғысым шексіз. Және осы сәтті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды алдағы мерекемен құттықтаймын. Осындай қиын-қыстау кезеңде бір-бірімізге демеу болып, жанашырлық танытып, бірлігімізді, ауызбіршілігімізді сақтай білейік. Президентіміз айтқандай, біздің татулығымыз осындай сын сағатта сыналады. Сондықтан ақтөбеліктерге ұйымшылдық, татулық пен бірлік тілеймін.

— Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясына қатыстыңыз. Сессияда Мемлекет басшысы Ассамблеяның қызметіне, бірлік пен ынтымақты сақтауда елімізде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сіздің осы орайда пікіріңіз қандай? Ассамблея жұмысына көңіліңіз тола ма?

— Біз, өңірдегі этномәдени бірлестік жетекшілері, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясына онлайн режимде қатыстық. Онда сөйлеген сөзінде Президентіміз көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен азаматтарға қол ұшын берген Ассамблея мүшелерінің еңбегін ерекше атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгінде Ассамблея еліміздегі бірлік пен келісімнің ұйтқысы болып отырғанын алға тартты. Шындығында да, Ассамблея осы елдегі этносаралық достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауына еңбек етіп, зор үлес қосып келеді. Бұл орайда этномәдени бірлестіктердің де алар орны ерекше. Жалпы, қалай десек те, Қазақстан халқы Ассамблеясы өзге халықтарға, мемлекеттерге үлгі-өнеге болып отыр.
Түптеп келгенде, мұның бәрі қазақ халқының кеңпейілділігін, адамгершілігін, қонақжайлылығын көрсетеді, өзге этнос өкілдеріне деген жанашырлығын танытады. Сондықтан біз алдағы уақытта Ассамблея жұмысын жандандыруда, елдегі татулық пен бірлікті сақтауда бірлесіп, жұмыс жасауымыз керек.

Осы тұста айта кеткім келеді, келер жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Осы атаулы датаны ел болып лайықты деңгейде атап өтуге тиіспіз. Қазіргі елде болып жатқан қиындықтар артта қалып, барлық жамандық жойылып, Қазақстан халқы тек қуаныш пен шаттыққа кенелсе екен дейміз. Лайым еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!

  • Әңгімеңізге рақмет!
Өзгелердің жаңалығы