Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының ХVІІІ отырысы өтіп жатыр.
Шарада Орыс Православие Шіркеуі Мәскеу Патриархатының Сыртқы шіркеу байланыс бөлімінің дінаралық байланыс хатшысы, дін қызметшісі Димитрий Сафонов сөз сөйледі.
«Соңғы жылдары Қазақстан халықаралық бітімгершілік бастамалар тұрғысынан ерекше орынға айналды. Өткен екі жылда мұнда Сирия бойынша бітімгерлік келіссөздердің 12 кезеңі өткені аса маңызды. Орыс Православие Шіркеуі Әлемдік діндер съезімен көпжылдық сенімді ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Әр съезге Орыс Православие Шіркеуінің үлкен делегациясы қатысып отырады. Биылғы съез делегациясының мүшесі ретінде бұл шара біздің делегация басшылығына жетекші діни лидерлермен пікір алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға, бітімгершілік бастамаларды талқылауға, съез алаңынан жаңа идеялар жайлы айтуға мүмкіндік берді деп айта аламын», - деді Димитрий Сафонов.
Оның айтуынша, бүгінгі күні діндер арасындағы бейбітшілік пен келісімге үлкен қауіптер төніп отыр. Олардың қатарында діни белгілер бойынша қудалау мен дискриминация проблемасы бар.
«Өкінішке қарай, бұл проблема өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бізді әлемнің түрлі аймақтарындағы христиандардың қиын жағдайы алаңдатады. Әсіресе, Таяу Шығыс пен Африкадағы жағдай мазалайды. Сирия, Ирак христиан қауымдастықтары лаңкестер мен әскери әрекеттерден келген үлкен залалдан кейін көмек пен қолдауға зәру. Сахарадан оңтүстікке қарай Африка елдерінде қаруланған топтар күнделікті христиандарды өлтіреді, сату үшін ұрлайды, олардың үйлері мен храмдарын өртейді. Оңтүстік Азия мемлекеттерінде, Үндістан, Шри-Ланка, Пәкістан, Филиппин елдерінде христиандарға шабуыл жасалады. Бұндай нәрселер діни лидерлер тарапынан жауапсыз қалмауы тиіс. Сондықтан осы тақырыпты алдағы съезде де талқылауды ұсынамын», - деді Димитрий Сафонов.
Бұған дейін Сенат төрағасы Дариға Назарбаева «Әлемдік конфессия басшыларының Еуразия кіндігінде кездесуі дәстүрге айналды» және «Әлемдік діндер съезі адамдарды сыйластық рухына тәрбиелеуге үлес қосты» деген еді.