Дәрігер шаш түсуіне әсер ететін факторларды атады

17 Маусым 2021, 13:03
5424
Бөлісу:
Дәрігер шаш түсуіне әсер ететін факторларды атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық дәрігер, білікті невропатолог Айгүл Өмірбекқызы шаш түсу - бұл өте өзекті проблемалардың бірі екенін айтты.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Ол шаш түсуінің бірнеше себебін атады. Оның ішінде эндокринологиялық бұзылыстар, аутоиммундық аурулар, сапасыз, зиянды тағамдарды тұтыну, күйзеліс, жарақат, ішек жолдарындағы проблемалар, яғни пайдалы витаминдердің ішек арқылы ағзаға дұрыс сіңбеуі.

Шаш өсудің негізгі қоры - нәруыз. Әйелдерге күніне 50 гр, ерлерге 60 гр нәруыз қажет. Спортшылар, жүкті, емізулі сәбиі бар әйелдерге одан да көбірек нәруыздық құрам қажет. Қатты күйзеліс гормональді хаосқа әкелуі мүмкін. Бұл кезде адамда көңіл-күйі нашарлап, шаш түсе бастайды. Бұл жерде эстроген (әйел жыныс гормоны) және прогестерон балансы бұзылып, кортизол гормонының жоғарылауына әкеліп соғып, қандағы қант мөлшерін көтереді, - деп түсіндірді ол.

Дәрігер мұндай проблемада қандай көмек қажет екенін айтып берді.

Коллаген қосылыстарын тұтыну қажет. Коллаген сүйек, шеміршек, тері, буындар және байламдарға қуат береді. Сонымен қатар цинк тұтыну, азықтық элементтер түрін тұтыну қажет. Бұл балық пен етте жиі кездеседі. Ал мүлдем ет жемейтін адамдарда цинк жеткіліксіздігі жиі орын алады. Егер гемоглобин, темір, ферритин төмен болса, темір препараттарын тұтыну керек. Төмен көрсеткіш шаштың жәй өсуі мен жиі түсуіне алып келеді. Бұл кезде оттегі тіндерге дұрыс тасымалданбай, оттектік ашығу орын алады, яғни қорек жоқ, салдарынан шаш түседі, - деді Айгүл Өмірбекқызы.
Бұдан бөлек невропатолог дәрігер С витамині темір препараттарын қолданған кезде, оның ағзаға жақсы сіңуін қамтамасыз ететінін айтты. Сондай-ақ селен ағзаға өте мықты антиоксидантты түзеді. Бірақ дәрігердің рұқсатынсыз пайдалану үлкен токсиндік әсерге әкеліп соғады. Бразилиялық жаңғақ - селеннің негізгі көзі саналады.

Өзгелердің жаңалығы