Оңтүстік Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандыққа үкім шықты

10 Қаңтар 2020, 12:07
12802
Бөлісу:
Оңтүстік Кореяда баланы қағып кеткен қазақстандыққа үкім шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оңтүстік Кореяда оқушыны қағып кетіп, кейін елге қашып кеткен қазақстандық мигрантқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады BaigeNews.kz Ренхап-қа сілтеме жасап. 

Чанвон Кан Се Бин округінің қылмыстық бөлімінің бас судьясы 10 қаңтар күні 21 жастағы қазақстандық А. азаматты 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол адам қағып, көлікті лицензиясыз айдаған. 

Прокуратура заңсыз мигрант үшін 5 жарым жыл сұраған. Алайда, судья айыпталушының өкініп, кешірім сұрау үшін Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға өз еркімен оралғанын ескерген. Алайда осыған қарамастан, ол жазадан құтыла алмады. 

А. мырза жасаған жол-көлік оқиғасы салдарынан баланың когнитивті және сөйлеу қабілеті нашарлады. Ол емделіп, одан әрі оңалту шараларын алуы тиіс. Бұл зардап шеккен отбасының экономикалық жағдайын қиындатады. Материалдық шығын қалпына келтірілмеді, сондықтан үкім осындай, - деді судья Кан.

Судья, сондай-ақ баланың рұқсат етілмеген жерде жүгіріп өткенін ескерген. Себебі ол жерде не бағдаршам, не жаяу жүргіншіге арналған белгі болмаған.

Еске сала кетейік, 7 жасар баланы қағып кетуге байланысты жол-көлік оқиғасы 2019 жылдың қыркүйегінде Чанвон қаласында болған еді. Баланы қағып кеткен қазақстандық оқиға орнынан бой тасалап, Қазақстанға қашып кеткен. Алайда кейін ол өз еркімен Оңтүстік Кореяға оралды.

Бұл оқиға елде қоғамдық резонанс тудырып, жергілікті тұрғындардың Оңтүстік Корея билігі жүргізіп отырған көші-қон саясатына наразылығын күшейтті. 2020 жылдан бастап Оңтүстік Корея Республикасының Әділет министрлігі мен Жұмыспен қамту және еңбек министрлігі елден заңсыз мигранттар ерікті түрде кетуі үшін арнайы акция жариялады. Акция 2020 жылдың 30 маусымына дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы