Балаева: Бейбіт жиналыстарға қатысқан журналистердің қауіпсіздігі маңызды

11 Маусым 2020, 11:43
2027
Бөлісу:
Балаева: Бейбіт жиналыстарға қатысқан журналистердің қауіпсіздігі маңызды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін "Бас редакторлар клубы" ҚБ бастамасымен ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның БАҚ басшыларымен, түрлі мемлекеттік және аймақтық БАҚ бас редакторларымен және азаматтық қоғам өкілдерімен онлайн-кездесуі өтті. Кездесуде бейбіт жиналысқа қатысқан журналистің қызметтік қағидалары,  баспасөз қызметкерлерінің формасы мен айырым белгілері талқыланды. 

Бүгінгі көтеріліп отырған мәселе бейбіт жиналыстар туралы заңды қабылдау аясында өте өзекті, оның өркениетті азаматтық қоғамды қалыптастыру жолында маңызы зор. Сондықтан, қандай да бір қадам жасамас бұрын, біз алдымен сіздермен талқылау қажет деп санадық. Мен осы өзекті тақырыпқа жан-жақты қызығушылық танытқандарыңыз үшін әрқайсыңызға шын жүректен алғыс айтамын. Биыл 25 мамырда мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңға қол қойды. Осы заңға енгізілген түзетулердің бірі - біздің министрлікке бейбіт жиналыстарға қатысып отырған журналистің (БАҚ өкілінің) қызмет ережелерін, журналистің айырым белгілері бар формасын бекітуге мүмкіндік береді. Әңгіме қандай да бір шектеулер мен кедергілер туралы емес, ең алдымен, журналистердің қауіпсіз жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету туралы болып отыр. Ережені әзірлеу барысында біз тек ЮНЕСКО-ның ұсынымдарын басшылыққа алдық, - деді Аида Балаева.

Министр эфир барысында негізгі ережелерге тоқталды. Оның бірі - журналистің кәсіби қызметіне мүмкіндік жасау мақсатында жергілікті атқарушы органдар журналистер үшін жедел баспасөз орталықтарына арналған орындармен қамтамасыз етеді.
Аталған баспасөз орталығы келесі жағдайларда ұйымдастырылатынын атап өту қажет. Біріншісі - бейбіт жиналысқа қатысушылардың саны 200 адамнан асып кеткен жағдайда, екінші жергілікті атқарушы органға жіберілетін БАҚ-тың сұрауы бойынша. Дегенмен, журналистердің қызметін жүзеге асыру баспасөз орталығымен шектеліп қалмайды.  Екіншісі - жедел баспасөз орталықтарына қойылатын бірыңғай талаптар белгіленеді. Мысалы, қажетті материалдық-техникалық жағдайлармен қамтамасыз ету, ақпаратты жинау, өңдеу және дайындау жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін электр қуатына қол жеткізу, лента немесе қоршаулармен шектеу және фото, бейнетүсірілім жасау және сұхбат алу үшін қажетті орынмен қамтамасыз ету. Журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұндай жерлерде ішкі істер органдарының қызметкерлерін бекіту ұсынылады, - деді министр.

Аида Балаеваның айтуынша, жергілікті атқарушы орган (ЖАО) өкілдерінің БАҚ-пен өзара іс-қимылы бойынша функциялар енгізіледі. ЖАО өз өкілінің бейбіт жиналыстарға қатысуын қамтамасыз етеді. ЖАО өкілінің функциялары – журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды түсіндіру, бейбіт жиналыстың ұйымдастырушылары мен қатысушыларынан сұхбат алуда жәрдемдесу, қажет болған жағдайда, бейбіт жиналыста көтерілген мәселелер бойынша түсініктемелер алу үшін мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларының байланыс деректерін ұсыну. 
Үшінші ереже бойынша журналистің киіміндегі айырым белгілері түрлерін бекіту қарастырылған. Бұл ретте айырым белгілерін таңдау құқығын БАҚ-тың өзіне қалдырамыз. Яғни, қағидада ұсынылған бір немесе бірнеше ерекшелік белгісін пайдалануға болады. Бұл кеудеше, жеңге таңғыш, бейсболка немесе арқаға арналған жапсырма. Ереже жобасын нормативтік-құқықтық актілер ашық порталында ресми орналастырмас бұрын, сіздердің ұсыныс, түзетулеріңіз болса, біз оларды жазбаша қабылдауға дайынбыз, - деді министр.


Өзгелердің жаңалығы