Бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді жоспар әзірленді

14 Мамыр 2020, 12:23
2591
Бөлісу:
Бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді жоспар әзірленді
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен "Бұқаралық спортты дамыту бойынша кешенді жоспардың жүзеге асырылуы туралы" атты онлайн брифинг барысында айтылды. 


Брифингте сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар халықтың спортпен айналысуы арқылы саламатты өмір салтына деген ұмтылысын қалыптастыруды көздейтінін айтты.
Мемлекет басшысының 2019 жылғы "Сындарлы қоғамдық диалог: Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру мақсатында жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 64-ші тармағын орындау шеңберінде дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірледік. Бұл жоспарда мүдделі мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары толық ескеріліп, ҚР Премьер-министрімен бекітілді. 2016 жылы елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің халыққа арнаған жолдауында халықты дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға тарту деңгейін 35 пайызға арттыруды тапсырған болатын. Кешенді жоспар осы көрсеткішке қол жеткізуді және халықтың спортпен айналысуы арқылы саламатты өмір салтына деген ұмтылысын қалыптастыруды көздейді. Сондай-ақ, халықтың барлық жас санаттары бойынша дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуды және балалар үшін спорттық инфрақұрылымға барынша қол жеткізетін шараларды қамтиды, - деді ол. 

Министрдің айтуынша, кешенді жоспар 34 тармақ пен 5 негізгі бағыттан тұрады. Олар:
- нормативтік-құқықтық тармақтар;
- мектеп және студенттік спорт;
- спорт желілерін кеңейту;
- саламатты өмір салтын насихаттау;
- спорттық-бұқаралық іс-шаралар.
Бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ, дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын азаматтар санын арттыру мақсатында кешенді жоспарда ҚР 8 заңнамалық актісіне 33 түзету енгізе отырып, ҚР Парламенті Мәжілісіне жібердік. Заң жобасына дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс спорт сабақтарын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы енгізіліп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда ұлттық спорт түрлерін дамыту бойынша да шаралар көзделген. Дене тәрбиесі бойынша сабақтарда, дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес, ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті компонент қарастырылған, - деді министр.  

Ақтоты Райымқұлова кешенді жоспар аясында өңірлік спорт басқармалары және білім басқармаларымен халықтың барлық жас санаттарының спорт секцияларына қатысу мүмкіндігін көздеп, жалпы білім беретін мектептердің спорт залдарына қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша меморандум жасасу жоспарланып отырғанын жеткізді. 
Бүгінде елімізде жалпы білім беретін мектептерде 5428 спорт залы бар. Ең төменгі есептеулер бойынша ұсынылған спорт залдарында орташа есеппен 20-ға жуық адам 1,5 сағаттан қосымша шұғылдана алады. Бұл жалпы алғанда 100 мыңнан астам адамды қамтиды. Сонымен қатар, жоспарда халықпен жұмыс істеу үшін спорт бойынша нұсқаушылардың санын арттыру жағы да көзделіп отыр, - деді ол.



Өзгелердің жаңалығы