Арал ауданы шетелге 2 мың тоннадан астам балық жөнелтті

19 Ақпан 2021, 17:04
2937
Бөлісу:
Арал ауданы шетелге 2 мың тоннадан астам балық жөнелтті

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Арал ауданы 2020 жылы 2159 тонна балық өнімін экспорттады.

Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың айтуынша, ауданда жылына 24 мың тоннаға жуық балық өнімін өңдейтін 9 зауыт жұмыс істеп тұр. Солардың бесеуі теңіз маржанын тереңінен өңдесе, төртеуі қатырумен, мұздатумен, ыстаумен айналысады.

«Қамыстыбас балық питомнигінен» жыл сайын 14,8 млн бір жылғы шабақ, 420 мың екі жылғы шабақ Кіші Арал теңізі мен көлдерге жіберіледі. Сондай-ақ «Жамбыл» өндірістік кооперативі де «Ақшатау-Сорғақ» тауарлы көлінде майда шабақтар өсіреді, күтіп-баптайды. Шаруашылық өзінің жұмысын ширату үшін «Ғаламдық экологиялық қорының» көмегіне жүгініп, инкубациялық балық өсіру цехын іске қосты. Бұған 21 млн теңге жұмсады. Осының нәтижесінде 10 млн майда шабақты өсірді де табиғат пайдаланушыларға беріп жатыр, – деді Оразбаев.

Сондай-ақ Мұхтар Әуесұлы Ақбасты ауылында да 2 балық цехы іске қосылғанын айтты. Соның бірі балық қорын 100 тоннаға дейін сақтайды. Екінші цех балық консервілерін шығарады.

Өткен жылы 6214 тонна балық ауланды. Өңделгені – 5388 тонна балық. Соның 2159 тоннасы Германия, Польша, Грузия, Ресей және Қытай елдеріне экспортталды. Сондай-ақ Аралды құтқару қоры арқылы «Көкарал» су тоспасына гидроакустикалық құрылғы орнатылды. Бұл Кіші Арал теңізіндегі балық қорын сақтап қалуға көмектеседі. Жобаға 150 млн теңгедей қаражат тартылды, – деді аудан әкімі.

Арал ауданында атакәсіп дамып келеді. Балық шаруашылығын кәсіп еткендердiң бiрi – Меpгeнсай елді мекенінің тұрғыны Бағлан Қалмағамбетов. Жас кәсіпкер ауылынан балық өнімдерін өңдейтін цех ашқан. Мемлекеттік қолдаудың арқасында қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, жұмысын жандандыра түсті.

Балық өнімдеріне деген сұраныс қай кезде де төмендемейді. Осыны ескеріп, бастамамды іске асырдым. Бизнес жобам мақұлданып, 2 млн теңге грант берді. Бұған қажет аппараттарды алып, балық өнімдерін ыстап, консервілеп шығарып жатырмын. Балық фаршын, тұзға піскенін де өндіре бастадық, – дейді Бағлан.

Кәсіпкердің айтуынша, ысталған балыққа жергілікті жерден бөлек, өзге өңірлерден де тапсырыс береді.

Айта кетейік, Қызылорда облысында 2030 жылға дейін кемінде 55 көл-тауарлы балық өсіру шаруашылығы, 12 тоған және 16 тор шаруашылығы құрылып, 3 жабық сумен жабдықтау құрылғысын салу жоспарланған. Тауарлы балық көлемін 110 есеге арттырып, балық өнімдерінің экспортын қазіргі 4,2 мың тоннадан 8,5 мың тоннаға дейін ұлғаятын болады.

Өзгелердің жаңалығы