Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева айтты.
Денсаулық сақтау министрлігі 15 ақпанда зейнетақы салымдарын медициналық мақсатта пайдаланудың қағидаларын бекітті.
Бұл азаматтарымызға қосымша медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Зейнетақы салымдарын медициналық мақсатта пайдалану жергілікті тіркелген медициналық ұйым дәрігерінің анықтамасы негізінде жүзеге асырылады. Дәрігерлік комиссия азамат жүгінген бес күннен кешіктірмей медициналық қызметтің тізіліміне сәйкес рұқсат немесе одан бас тарту жөніндегі ақпарат беруі тиіс. Медициналық анықтама комиссия отырысы өткен екі күннен кешіктірілмей беріледі, - деді ол.
Тізілімге кепілдендірілген медициналық қызметке кірмейтін қымбат процедуралар енгізілген. Олардың қатарында орфандық, яғни сирек кездесетін аурулар, оның ішінде диагностика және дәрімен қамтамасыз ету де кіреді.
Зейнетақы салымдарын Қазақстан аумағындағы клиникалардағы стоматологиялық қызметтер, протездеу, имплантациялау, қалпына келтіруші оталар, соның ішінде пластикалық хирургия, туа бітті ақаулар, мастоэктомия үшін пайдалануға рұқсат берілген. Бұл қызмет травма алғандар мен емдік шаралары мен отадан кейін қайтара отаны қажет ететін жандарға арналған. Мысалы, омырау безінің ісігінен кейін қалпына келтіру мен емдеу ісіне қолдана алады, - деді Гүлнар Сәрсенбаева.
Сонымен қатар, тағы бір қызмет радионуклеидтік емдеу мен радионуклеидтік терапияға бағытталған. Оны қазақстандықтар шетелдік клиникаларда ем алу үшін пайдала алады.
Сол сияқты офтальмологиялық қызмет үшін де зейнетақы салымдарын пайдалануға рұқсат берілген. Оның ішінде лазерлік коррекция да бар. Бұл бағыттағы емге болашақта тұрғындардың сұраныстарына қарай өзгерістер енгізілуі мүмкін, - деді ол.
Анықтама алғаннан кейін азамат кез келген клиниканы өзі таңдай алады.
Сондай-ақ зейнетақы салымшысына өз салымын жақын туыстарының емі үшін пайдалануға рұқсат етіледі.
Оқи отырыңыз: