Бас жаңалықтар
ALTYN OIMAQ ұлттық байқауының бірінші кезеңі аяқталды
27 Мамыр 2019, 17:23 411

ALTYN OIMAQ ұлттық байқауының бірінші кезеңі аяқталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ALTYN OIMAQ ұлттық байқауының ұйымдастырушылары Қазақстанның 13 қаласында дизайнерлермен кездесулер өткізіп, 19 өндіріс орнын аралады. Кездесулер барысында еліміздің 600 астам кәсіпкері өзекті мәселелерін ортаға салды. 

«Біз Қарағанды, Ақтөбе, Көкшетау, Ақтау, Павлодар, Атырау, Алматы, Шымкент, Тараз, Қостанай, Талдықорған, Петропавл, Нұр-Сұлтан қалаларындағы дизайнерлермен кездесулер өткіздік. Әр қалада талантты, идеялы кәсіпкерлер өте көп, бірақ бәріндегі мәселелер ортақ: отандық өндірісте фурнитураның жоқтығы және таңдау шектеулігі, сауда орындарын жалға алу бағасының қымбаттығы, кадр тапшылығы. «Атамекен» ҰКП отандық брендтер мен кәсіорындарды дамытуға мүдделі. Айтылған мәселелерді шешу жолдарын тамызда өтетін жеңіл өнеркәсіп форумында талқылайтын боламыз», - деді ALTYN OIMAQ ұлттық байқауы жобасының жетекшісі Диана Ботаева. 

Қазір ұйымдастырушылар дизайнерлердің, жаңа брендтердің базасын құру, олардың жұмысына, дамуына кедергі келтіретін факторларды анықтау бойынша зерттеу, сондай-ақ ірілі-ұсақ кәсіпкерлерге ортақ алаңдар ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

«ALTYN OIMAQ байқауына қуана қатысып жатырмыз. Бұл байқау маған не береді? Пайдалы ақпарат білуге, оқуға, кеңеюге, дамуға, әртүрлі саладағы табысты әйелдермен танысуға мүмкіндік береді. Өзімізді таныстыра аламыз», - деді Тараздағы Dana Del тігін шеберханасының директоры Бақытгүл Тоқтыбаева.  

Айнұр Тұрысбек – республикада танымал дизайнер. Оның ойынша, Қазақстан жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуда дұрыс бағыт ұстанып келеді. 

«Бүгінде біз өз сән үлгімізді жасап жатырмыз. Шетелдік тәжірибені көзсіз көшіре беруге де болмайды. Оны өзіміздің болмысымызға лайықтауымыз қажет», - деді алматылық дизайнер Айнұр Тұрысбек. 

Сондай-ақ, қазақстандық жеңіл өнеркәсіп саласындағы басты мәселелердің бірі – тауарды нарықта жарнамалау. Көп жағдайда кәсіпкерлер өз өнімдерін қалай дұрыс ұсыну керегін біле бермейді. 

«Біз тауарымызды әдемілеп жасаймыз, бірақ оны әрі қарай әдемілеп жарнамалауды білмейміз. Бұл жөнінде бізге өңірлік кәсіпкерлер палатасы көмектеседі», - деді Павлодардағы «Altyn дизайн» ательесінің иесі, киім дизайнері Алтын Атеева.

15 мамырда байқаудың бірінші кезеңі аяқталды, нәтижесінде еліміздің түкпір-түкпірінен 187 дизайнер қатысуға өтінім қалдырған:  

1) «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген іскерлік киімнің үздік дизайны» номинациясына - 54 өтінім;
2) «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген спорт киімнің үздік дизайны» номинациясына - 18 өтінім;
3) «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген балалар киімінің үздік дизайны» номинациясына - 30 өтінім;
4) «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген үйге арналған текстильдің үздік дизайны» номинациясына - 21 өтінім;
5) «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық әшекейлердің үздік дизайны» номинациясына - 54 өтінім;
6) «Спорт аяқ киімінің үздік кастюм-дизайны» номинациясына - 10 өтінім. 

Ұлттық байқауға қатысуға ең көп өтінім ел астанасы Нұр-Сұлтаннан келіп түскен, яғни ниет білдірген – 55 дизайнер өз идеяларын байқауға жіберсе, оның ішінде 22 өтінім Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушыларынан келген. Бірінші кезеңнің қорытындысы 2019 жылдың маусымында жарияланады. 

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына жұмыс сапарында «ALTYN OIMAQ» ұлттық байқауы таныстырылған болатын.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық