Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласында Бөкейханов пен Райымбек көшелерінің қиылысында ыстық су құбыры жарылып, көшені су басты.
"Алматы жылу желісінің" мәліметінше, тозығы жеткен құбырдың жарылуы себепті көшені су басқан. Судың көп жиналуынан Бөкейханов көшесімен кетіп бара жатқан автокөліктер суда қалған. Желіде оқиға орнынан түсірілген видеолар тарап жатыр, онда жүргізушілердің көліктің төбесіне шығып көмек күтіп отырғанын көруге болады.
Қалалық ТЖД бұл оқиға жайында сағат 12:27 кезінде хабарланғанын мәлімдеді. Суды тоқтату үшін ауданның Орталық эксплуатация және "АлТС" ЖШС апатты қызметі жұмылдырылған.
Алматы қаласының әкімдігі жарылған су құбырын залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
"Қазіргі уақытта Бөкейханов көшесі бойындағы жарылған құбырды қалпына келтіру үшін тоғыз апаттық бригада жұмыс істеп жатыр. Құбырдың жарылуына 1971 жылы қойылған диаметрі 700 мм болатын құбырдың тозуы себеп болған. Жұмысшылар көшеге жиналған суды сорғытуда. Бұл жағдай "АлТС" ЖШС мен Энергиятиімділік және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бақылауында", - делінген хабарламада.
Алматы әкімдігі сонымен қатар құбыр қалпына келтіріліп, бірнеше сағаттан соң сол маңдағы тұрғындарға ыстық су берілетінін хабарлады.