Алматыда өгей әке 2 жасар баланы өлімші етіп соққыға жыққан

24 Қыркүйек 2019, 14:18
4504
Бөлісу:
Алматыда өгей әке 2 жасар баланы өлімші етіп соққыға жыққан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазір бала ес-түссіз комада жатыр, деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция департаментінің мәліметінше, ер адам қамауға алынды.

«23 қыркүйекте 16:00 шамасында Алатау ауданы полиция бөліміне қала ауруханаларының біріне ес-түссіз күйінде 2017 жылы туған бала түсті деген хабарлама келді. Дәрігерлер баланың миында гематома бар, іші мен кеуде қуысы зақымданған, аяқ-қолдарының сау жері жоқ, көптеген жарақат алған деген диагноз қойды», - делінген ведомство хабарламасында.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полицейлер бірінші кезекте баланың 34 жастағы өгей әкесін тергеуге алды. Ол баланың құлап қалғанын айтты.

«Оның берген жауаптары күмән туғызатындай болды. Ер адам қатты қобалжып, бір жайтты бүгіп қалғандай болып көрінді. Полицейлердің күдігі расталып, анасы жоқта өгей әке баланы сабап тастағаны белгілі болды. Кейіннен ер адам істеген қылмысын мойындап, анасы ол кезде жұмыста болғанын айтты. Оның сөзінше, бала жылай бастағанда ол оны жұбатпақшы болады. Алайда, ашуға булығып, кішкентай баланы соққыға жыққан», - деп хабарлады полицейлер.

Сонымен қатар, полицейлер баланың анасы мен күдікті азаматтық некеде тұратынын анықтады. Шамамен бір ай бұрын олар Алматы облысынан көшіп келген. «Көк қайнар» шағынауданынан баспана жалдап тұрған.

Күдікті қамауға алынды. Бұған дейін ол екі рет ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Соңғы мәліметтерге сәйкес балаға операция жасалған.

Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жансақтау бөлімінде жатқан 2 жасар баланың жағдайы өте ауыр екенін айтты.

«Бала шұғыл түрде №2 Қалалық клиникалық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Оның басына компьютерлік томография жасалып, мидың солжақ гемисферасының жалпақ субдуральдік гематомасы, субарахноидальдық қан құйылу, мидың ісініп кетуі, дислокациялық синдромды анықтады. Бұдан кейін, аурухана әкімшілігімен келісіп, реанимациялық бригада бүлдіршінді балаларға шұғыл көмек көрсету орталығына жеткізді. Дәрігерлердің балаға қойған диагнозы келесідей: қосарласқан ауыр жарақат; бассүйек-мидың ауыр жарақаты; мидың ауыр дәрежелі зақымдалуы; ми бағанының зақымдалуы; мидың солжақ гемисферасының субдуральдік гематомасы; субарахноидальдық қан құйылу; мидың ісініп кетуі; дислокациялық синдром; мидың диффуздық-аксональдік зақымдалуы; кеуде қуысындағы органдардың жабық жарақаты мен зақымдалуы; іштің және құрсақ қуысы органдарының зақымдалуы; жұмсақ тіндердің көптеген зақымдануы; беттің, бастың құйқа бөлігінің жарақаттары мен гематомалары; III дәрежелі тыныс алу жеткіліксіздігі; III дәрежелі травматикалық шок; III дәрежелі церебралдық шок», - деп атап өтті қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Сондай-ақ көп жарақат алған балаға шұғыл түрде операция жасалды.

«Шұғыл түрде бала бассүйегінің декомпрессиондық трепанациясы жасалып, субдуральдік гематома алынды. Қазір бала комада жатыр. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Жағдайы өте ауыр. Қарқынды терапия алып жатыр», - деді ведомство өкілдері.

Өзгелердің жаңалығы