Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев хабарлады. Оның айтуынша, келесі жылы республикалық бюджеттің шығыстары 15,9 трлн теңгені құрайды.
Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 15,6 трлн теңге және 2024 жылы 16,0 трлн теңге көлемінде болады деп болжанып отыр. Ұлттық Банктің мәлімдеуінше, жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2022 жылы 4,0-6,0%, 2023-2024 жылдары – 4,0-5,0% аралығында, 2025-2026 жылдары – 3-4% шегінде сақталады. Осы макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда 2022 жылы болжамдар бойынша 9,2 трлн, 2023 жылы - 9,7 трлн, 2024 жылы - 10,4 трлн теңгеге тең болады, - деп атап өтті Әсет Ерғалиев.Сонымен қатар кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы - 2,4 трлн теңге, 2023 жылы - 2,2 трлн теңге және 2024 жылы - 2,0 трлн теңге мөлшерінде айқындау ұсынылып отыр.
Бұдан басқа, Ұлттық қордан 2022 жылы 550 миллиард теңге мөлшерінде, оның одан әрі қысқаруымен 2023-2024 жылдары жыл сайын 400 миллиард теңгеден нысаналы трансферт тарту ұсынылады. Болжам бойынша, 2022 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,3% деңгейінде, кейіннен 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,5% дейін төмендейді, - деді Ұлттық экономика министрі.
Ведомство басшысының хабарлауынша, 2022 жылы тапшылық ішкі өнімге қатысты 8,1%-ды құрап, кейін 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 6,3%-ға дейін төмендейді.
Министр сондай-ақ жалпы, әлеуметтік-экономикалық даму болжамы макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға, ұлттық экономиканы сапалы және тұрақты дамытуға бағытталған деп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі республикалық бюджеттің қашан қалыптасқанын айтқан болатын.