«5-10-20». Бағдарлама бойынша несие беру басталды

18 Қыркүйек 2020, 11:37
2748
Бөлісу:
«5-10-20». Бағдарлама бойынша несие беру басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Шаңырақ» «5-10-20» бағдарламасы бойынша несие беруді бастады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыттарының бірі «Шаңырақ» пилоттық жобасын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүзеге асырады. 

Жылдық мөлшерлемесі 5 пайызға тең (ЖТСМ 5,2%), жеңілдетілген займды алу үшін, бағдарлама қатысушылары әкімдік кезегінде тұрулары қажет. Сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарына займ мөлшерінің 10 пайызынан кем түспейтін соманы бастапқы жарна ретінде жинаулары қажет. Несиелендіру мерзімі 20 жылға дейін, - деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

«Шаңырақ» жобасының аясында жеңілдетілген несиені бірінші кезеңде баспанаға мұқтаж жан ретінде 1986 жылдан бастап 2015 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда, әкімдік кезегіне тұрған Қазақстан Республикасының азаматтары ала алады. Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін, банктің «Шаңырақ» жобасын одан әрі несиелендіруге қажетті қаражаты болған жағдайда, бағдарламаның екінші кезеңіне әкімдік кезегіне кейінгі жылдары тұрған азаматтар да шақырылуы мүмкін. 

Сондай-ақ бағдарламаға қатысу үшін соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін отбасылық табыстың бір айлық көлемі 3,1 күнкөріс минимумынан аспайтын (2020 жылдың 1 сәуірінен бастап КМ – 32 668 теңгеге тең) еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістің (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығы мен басқа да міндетті аударымдарды есептемегенде) болуы талап етіледі. Яғни, 2020 жылы отбасының әр мүшесіне келетін табыс көлемі 101 271 теңгеден аспауы тиіс.

«Шаңырақ» бағдарламасы бойынша пәтер алуға болатын құрылыс компанияларының тізімін hcsbk.kz сайтынан жүктеп алуға болады. Әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтардан бағдарламаға қатысуға және төлем қабілеттілігін бағалауға өтінімдерін тек hcsbk.kz сайты арқылы, соның ішінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенттерінен де, әлі күнге дейін банк клиенті болмағандардан да қабылданады.

Өзгелердің жаңалығы