Қарағандыда қаза болған 3 жасар баланың әжесі жантүршігерлік оқиғаның қалай болғанын айтты

10 Қыркүйек 2019, 12:40
2861
Бөлісу:
Қарағандыда қаза болған 3 жасар баланың әжесі жантүршігерлік оқиғаның қалай болғанын айтты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды маңындағы ауылда 3 жасар баланың өліміне күдікті Игентай Сопыжанов бала жоғалғаннан кейін 4 күннен кейін ұсталды. Жантүршігерлік оқиғаның қалай болғанын Максимнің әжесі айтып берді, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Вера Гервектің сөзінше, қызы Ника мен Игентай мектеп кезінен бір-бірін жақсы көріп, қыз бен жігіт болып жүрген. Дегенмен кездесулеріінің аяғы ұрыс-керіспен жиі аяқталатынын байқаған қыздың туыстары қызғаншақ жігіттен алшақтатуға тырысыпты. Ашуға булыққан 17 жастағы бозбала ғашығының үйіне балтамен келген.

«Таңертең сиыр саууға тұрғанда аңдып тұрып балтамен ұрған. Сіңілім сол жерде тіл тартпай кетті. Вероникамен «арамызға түстің» деп өшіккен көрінеді. Содан 9 жылға сотталған болатын. Алайда, жылдың басында мерзімінен бұрын шығып, қызыммен қайта кездесе бастады», - деді кішкентай Максимнің әжесі.

deed589ea93214f48c755062320f395a.jpg

Игентай Сопыжанов түрмеде отырғанда Ника басқа адамға тұрмысқа шығып, ажырасып кеткен. Төркініне ұлымен оралған қызды анасы бауырына басыпты. Ника мерзімінен бұрын босап шыққан бала күнгі ғашығымен қайта қосылған. Бірақ екеуі қыркүйектің 5-і күні ауылдағы дүкеннің алдында тағы жанжалдасып қалады. Сол сәтте Игентай қыздың қолындағы баланы жұлып, ала қашыпты.

768c80e80d7b69d8495f390c117b31a6.png

«Жұлып алды, тартып жұлып алды. Ана бала бажылдап айқайлап, тіпті аяқ киімі де түсіп қалды. Ол клуб жаққа қарай қашты. Баланы көтеріп сонда тұрды. Әйел артынан барған жоқ, дүкенге кіріп кетті. Қорыққан болар», - деді Бұрма ауылының тұрғыны Бану Қолдыбаева.

Сол жерде қашып кеткен Игентайды тірі жан көрмеген. Алайда, ол үйінде немересін күтіп, қан жұтып отырған баланың әжесіне қоңырау шалыпты.

«Баланы қайтаршы деп жалындым. Аяғыңа жығылайын, кішкентайымды әкеліп бер деп жыладым. «Маған іздеу жариялапсыңдар ғой» деп зіркілдеді де, тұтқаны қоя салды. Содан кейін телефонын мүлдем өшіріп тастады», - деді Вера Гервек.

Сол күннен бастап полиция мен еріктілерден құралған 100-ден аса адам кішкентай Максимді іздеп жер-көкті шарлаған. Алайда Максимнің денесі 3 күннен соң ауылдың іргесінен табылды. Қаскөй мәйітті шөптің арасына тереңдетіп көміп кеткендіктен, баланың денесі бірден табылмаған.

photo_292458.jpeg

Ал Игентай ауыл маңындағы теміржолдан тауар таситын пойызға жабысып, қарасын батырғаны белгілі болды. Сол пойызбен Таразға дейін жетіп, Қарағандыға да пойызбен оралған бойда құрықталды. Полицейлердің айтуынша, бір отбасыны екі рет қан қақсатқан ол қылмысын толық мойындады.

Бұрын хабарлағандай, 5 қыркүйек күні Шет ауданы полиция бөліміне Бұрма ауылының 22 жастағы тұрғынынан танысы 3 жасар ұлын ұрлап әкеткендігі туралы хабарлама түскен. Жедел іздестіру аясында полиция қызметкерлері күдіктіні 9 қыркүйек күні түнгі сағат бірлер шамасында вокзал маңынан ұстаған.

Өзгелердің жаңалығы