28 сәуірде президент сайлауына үміткерлерді ұсыну аяқталады

10 Сәуір 2019, 15:20
3389
Бөлісу:
28 сәуірде президент сайлауына үміткерлерді ұсыну аяқталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президенттікке кандидаттарды ұсыну құқығы 2019 жылдың 28 сәуірінде сағат 18.00-де аяқталады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеді

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың жоспарын бекіту мәселесі қаралды.

«Негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары сайлау туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң түрде әзірленді. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңның 61-1-бабы бойынша науқанның жекелеген кезеңдерінің ұзақтығы айқындалады. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлау жөнідегі іс-шараларды өткізу мерзімдерін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді. Осы жоспарға сәйкес тағайындалған күннен кейінгі күннен, яғни 2019 жылғы 10 сәуірден басталып, 2019 жылдың 28 сәуірінде сағат 18.00-де аяқталады», - деп мәлімдеді Петров.

Ол президенттікке кандидаттарды ұсыну құқығы «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағына сәйкес белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық қоғамдық бірлестіктерге тиесілі екенін атап өтті. Ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Кандидаттардың конституцияда және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтауды Орталық сайлау комиссиясы республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме кандидаттың дауысқа түсуге келісім беруі туралы өтінішімен және кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландатыратын құжатпен бірге ұсынылған кезден бастап бес күн ішінде жүзеге асырады.

Бұған дейін, 9 сәуірде Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялап, елімізде президент сайлауы осы жылдың 9 маусымында өтетінін мәлімдеген болатын.


Өзгелердің жаңалығы