2025 жылға қарай спорттық құрылыстардың санын 30 мыңға жеткізу жоспарланған

14 Мамыр 2020, 12:57
2850
Бөлісу:
 2025 жылға қарай спорттық құрылыстардың санын 30 мыңға жеткізу жоспарланған
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен "Бұқаралық спортты дамыту бойынша кешенді жоспардың жүзеге асырылуы туралы" атты онлайн брифинг барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова спорттық инфрақұрылымның дамуына қатысты пікір білдірді.

Бұқаралық спортты дамытуда спорттық инфрақұрылымның болуы өте маңызды. Бүгінде елімізде 23 мың қарапайым спорт құрылысы жұмыс істеп жатыр. Жергілікті атқарушы органдардың есептеуіне сәйкес, қарапайым спорт құрылысын салу қажеттілігі жылына орта есеппен 1100 нысанды құрайды. 2025 жылға қарай құрылыстардың жалпы санын 30 мыңға жеткізу жоспарлануда, - деді ол. 

Министр кешенді жоспарда "Е-sport" ұлттық цифрлық тұғырнамасын енгізу көзделіп отырғанын мәлімдеді.
Бұл – спорт саласын цирфландыру үшін бірегей мүмкіндік. "Е-sport" тұғырнамасы арқылы жалпыға спорт күнтізбелері, бірыңғай спорттық классификация, құрама командалардың құрамы, спортшылар мен жаттықтырушылардың, төрешілердің тізімі және тағы басқа негізгі құжаттар қолжетімді болады. "Е-sport" тұғырнамасын министрлік "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-мен бірге әзірледі. Қазір 2020 жылдың соңына дейін еліміздегі өңірлердің бірінде пилоттық жоба ретінде сынақтан өткізіп, іске қосуға қатысты мәселені қарастырудамыз, - деді ол. 

Ақтоты Рахметоллақызы кешенді жоспар аясында спорттық-бұқаралық дене шынықтыру, сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу қарастырылып отырғанын айтты. 
2019 жылы Жастар жылы шеңберінде министрік көптеген өңірлердің белсенді қолдауына ие болған "Қазақстан Jastar Fest" жобасын жүзеге асырды.  Осындай іс-шараларды жыл сайын өткізіп тұру арқылы 500 мыңнан астам адамды қамтуға болады. Халықты бұқаралық спортпен айналысуға тартудың маңызды компоненттерінің бірі – саламатты өмір салтын кеңінен насихаттау. Телевизиялық сюжеттер, фильмдер, бейнероликтер, акциялар, шеберлік сыныптары, флешмобтар, ашық есік күндері және т.б. шаралар өткізу қарастырылған. Сонымен қатар, жұмысты шоғырландыру және тақырып шеңберінде бірыңғай логотип бекіту ұсынылып отыр. Бұл логотип жоспармен байланысты барлық іс-шараларда орналастырылып, жоспардың ажырамас атрибуты болуы керек. Бұқаралық спорт миллиондаған адамдардың өзін шынықтыру мен қозғалыс мүмкіндіктерін жетілдіруіне, денсаулығын нығайтып, өмірін ұзартуға мүмкіндік береді. Алдымызда бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмаларды орындау бағытында үлкен міндеттер тұр, - деді министр.


Өзгелердің жаңалығы